Ардагерлерді ардақтады

Бүгінгі күніміздің жарқын да кемелді болуында аға буынның ерлік істері айрықша. Отанын, жерін қорғаған бабаларымыздың батылдығы мен батырлығы қай кезде де ұрпаққа үлгі. Біздің қаламызда сұм шайқастан елге оралған 20 ардагер бар. Сол ардақты ата-әжелерімізге мерекелерінде ықыластарын білдіруде нұротандықтар да шет қалмай, үйлеріне арнайы барып, құттықтап қайтты.

«Аталар жолымен» атты акцияның аясында «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары Н.Наурызбаев, «Жас Отан» ЖҚ-ның атқарушы хатшысы Г.Аяшова мен «Фотон» сурет салонының өкілі Т.Нестереня Нина Шульгина, Михаил Камаш, Трофим Соколовты құттықтап, қазына қарттарымызға сый-сияпат көрсетті.

Ардагерлер де жастарға ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді.

Н.Шульгина соғыс басталардан бұрын Ленинградта құрастырушылар курсын тәмамдайды. 1941 жылдың қарашасында әскерге алынып, 70-ші автосанитарлық ротада, 1942 жылы Ленинград майданында санитар болды. Ленинград жау қоршауынан босаған соң, Нина Михайловна сол қаладағы госпитальда істейді. Жеңісті Житомир қаласындағы №3109 әскери базасында қарсы алған. 1957 жылы Никольский поселкесіне көшіп келіп, ішкі істер бөлімінде, қорғау қызметі салаларында есепші болып еңбек етеді. Тоқсанға келген қарт ананың омырауында ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және «Маршал Г.Жуковтың» медальдары бар.

Михаил Камаш Украинаның Ромашовка селосында 1925 жылы дүниеге келген. 1944 жылдың қаңтар айында майдан даласына шақыртылып, ІІ Украин майданының минометшілер артиллериялық бөлімшесінде әскери міндетін өтейді. Жеңістің туы Қызыл әскерлердің қолында деген қуанышты хабарды Чехословакияда жүріп естиді. 1947 жылы Жезқазғанға қоныс аударып, «Қазмедьстрой» тресінде құрылыс учаскесінің бастығы болып еңбек етіп, 1988 жылы зейнеткерлікке шығады.

Жасотандықтардың игі істеріне ардагерлер алғысын айтып, өздеріне сыйлаған, бүгінде көзі тірі 20 ардагердің суреттері бар естелікті көкіректеріне басты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.