Жеңістің тойы – ерліктің тойы

Қатары сиреп қалған қарт солдаттардың ерлігіне деген құрмет пен қошемет жыл сайын артып келеді. Тоғызыншы мамыр күні кенді қаланың қалың жұртшылығы да Ұлы Жеңістің 68 жылдығын сән-салтанатымен атап өтті.

Мерекелік іс-шаралар Кеншілер алаңында салтанатты жиыннан бастау алды. Жиынға Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері, интернацианалист жауынгерлер, Чернобыль апатын жоюға қатысқандар, қала әкімі А.Ыдырысов, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, қорғаныс істер жөніндегі бөлімнің басшысы Р.Шакерханов, ішкі істер бөлімінің бастығы Ж.Қарабеков және депутаттық корпус пен қаланың Құрметті азаматтары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ-не қарасты ұжымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері және қала халқы қатысты.

Алаңға салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Туы әкелінді. Қалалық ішкі істер бөлімі мен өртке қарсы қызмет бөлімінің, сондай-ақ, әскери қызметкерлер, «Ұлан» қалалық әскери-спорттық ойынының жүлдегерлері мен қатысушылары шеруде сап түзеді.

Салтанатты ашылудан соң қала басшысы А.Ыдырысов сөз алып, ерлік пен асқақ рухтың өлшемін қан майданда көрсеткен аға буынды мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық тіледі.

Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ш.Байбосынов майдандас достарына өз құттықтауын жеткізді.

Отты жылдардың адамзат баласына әкелген зобалаңы мен қиындығын №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің оқытушылары мен оқушылары театрландырылған көрініс арқылы бейнеледі.

Митингіден соң ардагерлер арнайы жабдықталған көліктермен «Жеңіс» саябағына шеру тартты. Бұл шеруді «Сәтбаев балғындары» барабаншылар тобы бастап жүрді. Сәтбаев даңғылынан басталған шеру Тәуелсіздік даңғылы мен Гурба көшесі бойынан өтті. Салтанатты сап түзеген шерушілердің қатарында қала әкімі Асқар Ыдырысов бастаған әкім аппаратының қызметкерлері мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, ұжымдары болды. Даңғылдардың бойында ардагерлер «Жеңіс мәңгі жасасын!», «Ардагерлер даңқы арта берсін!» деп ұрандатқан жас буынның қошеметіне бөленді.

«Жеңіс» саябағына келген қалың жұртшылық ұрыс даласында қаза болған майдангерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алып, «Жеңіс Даңқы» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

«Даңқ» алаңында арнайы жасақталған дала асханасы мен әскери шатырда ардагерлер қауымына дастархан жайылып, ізгі тілектер толассыз ақтарылды. Қарттар майдан даласында талғажау еткен солдат ботқасынан ауыз тиіп, сұрапыл жылдарды еске түсіріп, көздеріне жас алып жатты.

Ардагерлердің құрметіне үрмелі аспаптар оркестрі мен «Сатпаевские зори» хоры соғыс жылдарындағы әндер мен патриоттық әндерді орындап, қарттардың көңілін көтерді.

Шатыр маңында мектеп оқушыларының күшімен соғыс жылдарын бейнелейтін көріністер қойылды.

Жеңіс күніне арналған іс-шаралар спорттық және мәдени бағдарламалармен ұштасып жатты.

Жалпы Сәтбаев қаласының тұрғындары Жеңіс күнін ауа райының қолайсыздығына қарамастан таңсәріден кеш қарайғанға дейін шат-шадыман күйде атап өтті.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.