Достықты паш еткен фестиваль

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі діни ахуалға тоқтала келе, «жастарымыздың бір бөлігі өмірге жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» деп атап көрсетті. Әсіресе, жалған діни ағымдардың артында тұрған діни экстремизмнің жастардың сана-сезімін жаулап алуы өте қауіпті. Сондықтан, жастар арасында қалыптасқан салт-дәстүрлерімізді, халықтар достығына сай келетін діни сананы қалыптастыру маңызды.

Осы тұрғыда қаламызда жұмысшы, қызметкер жастар мен мектеп оқушылары арасында діни экстремизмнің алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізіліп отырады.

Солардың бірі – жақын арада Ыбырай Алтынсарин атындағы №19 орта мектебінде өткен «Біз, Қазақстан балалары, діни экстремизмге қарсымыз!» атты фестивальді ерекше атап өтуге болады. Толығымен фестивальдің бағдарламасын дайындап өткізген аталмыш мектептің ұстаздары мен шәкірттері болды. Оған төменгі сыныптан бастап жоғары сынып оқушылары біркісідей атсалысты.

Фестивальдің қонақтары ретінде оған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кауһар Сағындықова, қалалық әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева, қалалық білім бөлімінің бас әдіскері Гүлсім Есмұрзаева қатысты.

Елбасы айтқандай, «мектеп мешіт емес, білім ошағы болып саналатындықтан, өскелең ұрпақ оқу орындарында зайырлы мемлекеттің заңдарына сай дәріс алады. Фестивальда оқушылар Қазақстан Республикасының заңдарын, оның ішінде діни бірлестіктер мен діни қызметке қатысты заңды қалай меңгергендерін көрнекі қойылым арқылы көрсетті.

Одан кейін фестивальдің қызықты да тартымды бөлімі басталды.

Бәрімізге белгілі, Қазақстан халқының басты құндылығы – елімізді мекендеген 100-ден астам ұлт өкілдерінің татулығы мен достығы. Шын мәнінде, Елбасы Жолдауында атап өткендей, «біз көппіз және бәріміз – бір Елміз, бір халықпыз». Фестивальда осы қағиданы паш ету мақсатында елімізді мекендеген қазақ, орыс, неміс, корей, украин халықтарының ұлттық киімдерін киген оқушылар тамаша концерттік бағдарлама көрсетті. Қазақтың ұлттық киім үлгілерінің қойылымы да өте әдемі де әсерлі болды.

Фестиваль шымылдығының жабылар сәтінде балалардың көңілдері шат, жүздерінде күлкі ойнағанын көрдік. Фестивальдің басты мақсаты – діни экстремизмнің алдын алу болғандықтан, Кауһар Сағындықова экстремизм көзге көрінбейтін жау екенін және ол біздің татулығымызды, бірлігімізді бұзуға бағытталғаны жөнінде айтты. – Сондықтан, басқа бағыт беруге тырысқан адамдар кездесіп қалатын болса, ең жақын адамдарыңнан – ата-аналарыңнан, ұстаздарыңнан ақыл-кеңес сұраңдар. Қаламызда дәстүрлі ислам дінін насихаттайтын мешіт бар, сондағы имамдардан дәріс алыңдар. Сендерге діни саналарыңның дұрыс бағытта қалыптасып, жан дүниелеріңе рухани тазалық тілеймін, – деді ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Сөз соңында К.Сағындықова жоғары деңгейде өткен фестивальдің ұйымдастырушылары мен қатысушыларына ризашылығын білдірді.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.