Екі жақты келісімге қол қойды

Өткен аптада Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті мен қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі арасындағы екі жақты келісімге қол қойылды. Бұл салтанатты сәт ЖезУ-дің қабырғасында өтті. Жиынға ЖОО мен қалалық білім беру бөлімінің өкілдері, қаламыздағы орта мектеп директорлары қатысты.

Қала әкімі Асқар Ыдырысов бастап барған қалалық делегацияны ЖезУ-дің оқытушылары мен студенттері қарсы алды. Аталмыш университетінің ректоры Әбділмәлік Тәкішов қонақтарға бас оқу корпусындағы зертханалар мен кафедраларды аралатып көрсетті.

Аймағымыздағы жалғыз жоғары оқу орны соңғы кездері тоқыраудың тозаңынан сілкініп, кең тыныс ала бастады. Қазір мұнда 32 мамандық бакалавриаты және 6 магистратуралық бағдарлама бойынша тау кен технологиялық, гуманитарлық-педагогикалық, экономикалық, құқықтық институттары мен 16 кафедра жұмыс істейді. 2012-2013 оқу жылында мұнда 1960 бала дәріс алуда. Делегация мүшелері кафедралар мен кабинеттерді аралап, институттардың директорлары оларды өз жетістіктерімен жан-жақты таныстырды.

Бұдан соң университеттің мәжіліс залында күн тәртібіндегі негізгі мәселеге қатысты жиын өтті. Оны университеттің ректоры Әбділмәлік Тәкішов ашып, жүргізіп отырды.

– Бұл жиын сәуір айында Сәтбаев қаласында өздеріңізбен болған кездесудің қорытындысы деп айтуға болады. Онда біз өзара ынтымақтастықты дамытып, аймағымыздағы кадр тапшылығын бірлесіп шешуге уәде байласқан едік. Бүгін сол уәдемізді құжатқа қол қою арқылы бекітпекпіз.

Жалпы Жезқазған-Ұлытау аймағында кадр тапшылығы орын алып отырғаны жасырын емес. Оған себеп – мектеп бітірген түлектеріміз өзге қалалардағы жоғары оқу орындарына кетеді де, оны бітірген соң үлкен қалаларда жұмысқа қалады. Ал, өз қаламыздағы университетке оқуға түссе, мамандардың дені өзімізде қалар еді. Міне, бүгін біз осы бір өзекті мәселенің түйінін шешудің жолдарын бірлесіп іздемекпіз, – деп түйіндеді ректор өз сөзін.

Университет басшысының сөзін қала әкімі Асқар Ыдырысов та жандандыра түсті.

– Елбасы Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламалар негізінде дарынды оқушылардың ғылыми жұмыстарға шығармашылық қабілетін дамыту, оларды қолдау, кәсіптік бағдар беру, оқытушылардың біліктілігін арттыру – бүгінгі күннің басты бағыттарының бірі. Бүгінгі кездесудің де ең басты мақсаты осыған негізделген.

Жалпы, біз бұл мәселені бұған дейін де талқылап, жоғары оқу орындары мен мектеп басшыларының пікірін білдік. Мектеп директорлары өздері шығармашылық байланыс жасайтын білім ошақтарында болып, өзара қарым-қатынастарын күшейтуге ынталы. Сондықтан, бүгін осы үлкен істің бастау алар сәтіне кезек беріп, келісім-шартқа қол қоймақпыз, – деді Асқар Абылайұлы.

Жиын барысында Сәтбаев қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Шынар Жанасылова «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында мектеп пен ЖОО-ның бірлесе жұмыс істеу жолдары» деген тақырыпта баяндама жасады.

Қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, қала мектептері аймағымыздағы арнаулы орта және жоғары оқу орындарымен осындай іскерлік байланыс орнатыпты. Оның беріп отырған нәтижесі де жаман емес көрінеді. Енді ЖОО-мен жасалатын екі жақты әріптестік бұл жұмыстардың одан әрі дамуына өз ықпалын тигізетін болады. Сол арқылы аймағымызда кадр тапшылығын шектеуге азды-көпті үлес қосылмақ.

Жиында сөз алған университеттің педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі Роза Әбітаева «Негізгі мектеп мұғалімінің бейнесі» деген тақырыпта баяндама жасады. «Орыс және шет тілдері» кафедрасының меңгерушісі Зәмзагүл Қашқынбаеваның айтуынша, кеншілер қаласындағы кейбір мектептерде «Үш тағанды тіл» бағдарламасына сәйкес жұмыстардың жүргізіліп жатқанын, оған университеттің аталмыш кафедрасы тарапынан көмек жасалып жатқанын баяндады. Осы тұрғыда кафедра меңгерушісі «Мектеп-колледж-ЖОО» бірлестігі аясында көп тілді білім беру» деген тақырыпта баяндама жасады.

Жиынға қатысушыларды жасалған баяндамалар өз тұрғысында қызықтырған болуы керек, мектеп басшылары мен жиынға қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын да ортаға салды.

Бұдан соң Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры Әбділмәлік Тәкішов пен Сәтбаев қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Шынар Жанасылова бірлесе жұмыс істеу туралы екі жақты келісімге қол қойды.

Келісім-шарт негізінен мектеп оқушыларының біліктілігін көтеруге, сол арқылы келешек бакалаврлар мен магистрлар даярлауға, мектеп оқушыларын кәсіптік бағытқа даярлауға, олардың шығармашылық белсенділігін арттыруға, елімізге қажетті гуманитарлық және кәсіптік білікті мамандар даярлауға бағытталған. Осы мақсатта екі жақты әріптестіктің шарттары мен міндеттері, құқықтары жан-жақты баяндалған.

Жиынды қорытындылаған университет ректоры келісім-шарт келешекте екі жақты әріптестікті нығайтып, мектептер мен ЖОО-лардың іскерлік байланыстарын дамыта түсетінін айтып, жұмысқа сәттілік тіледі.

Өз кезегінде сөз алған қала әкімі Асқар Ыдырысов та бұл ауқымды істің қала мектептері мұғалімдері қауымдастығы мен жоғары оқу орындары ұжымының әріптестік байланысын жүзеге асыруға тиімділігі жоғары екенін мәлімдеді. Әкім өз сөзінде қала мектептерін бітірген түлектердің жыраққа кетпей, өз қалаларымыздағы кәсіпорындарда жұмыс істеп, аймағымыздың дамуына үлес қосуына ықпал етуге өзінің мүдделі екенін де айтып өтті. Ол сондай-ақ, 2011 жылдың қорытындысы бойынша ЖезУ-ге Сәтбаев қаласының 35 түлегі оқуға түссе, 2012 жылы олардың саны 30 болғанын, бұл университеттегі барлық студенттердің 9-10 проценті ғана екенін тілге тиек етті. Бүгінгі іс-шара кеншілер қаласының жастары арасында аталмыш ЖОО-на оқуға түсуге ынталарын арттыра түсетінін айта келіп, екі тарапты қамтыған құжаттың жемісті боларына күмән келтірмеді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.