Бірлескен тексеріс

«Нұр Отан» ХДП мен ІІМ-і бірлесіп елімізде кең ауқымды «STOP қылмыс» акциясын өткізіп жатыр. Бұл акцияның мақсаты – азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақыру, ел ішіндегі қылмыстың санын, оның ішінде, жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмысты азайтып, алдын алу.

Республика көлемінде жүзеге асып отырған акция аясында қаламыздағы «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы, ішкі істер бөлімі, оның ішінде кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің, білім, денешынықтыру және спорт, кәсіпкерлік бөлімдердің, салық басқармасы өкілдерінің қатысуымен рейдтік іс-шара өтті.

Рейд барысында түнгі мезгілде ішімдік сатқан дүкендерді анықтап, кәмелетке жасы толмаған жастардың түнде көңіл көтеретін орындарда еңбек етуі не болмаса сол ошақтарда жүруін қадағалап, қоғамдық тәртіпті бұзушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейбір кәсіпкерлік нысандарда заңсыздықтар анықталды. Кешкілік мезгілде алкогольді ішімдік сатылмасын деген заңды белшесінен басып, пайда табуды көздеген «Мирас» дүкеніне әкімшілік хаттама толтырылса, Сәтбаев даңғылы, 18 үйде орналасқан «Азық-түлік» дүкеніне ескерту жасалды. Ал, ата-ананың қарауынсыз көшеде жүрген 12 жасөспірім ұсталып, бөлімшеге жеткізілді. Көңіл көтеретін орындарда заңға қайшы әрекеттер анықталған жоқ.

Қоғамда жастар арасындағы қылмыстың азайып, кәсіпкерлікпен айналысатындардың заңды елеп-ескеруін қадағалауда мұндай рейдтік іс-шараның жиі өтіп тұруы жауапкершіліктен жалтармауға сеп болады дейді рейдті ұйымдастырушылар.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.