Қала сырты бір тазарып қалды

Қала әкімі Асқар Ыдырысовтың тапсырмасына сәйкес өткен аптада жоспардан тыс сенбілік ұйымдастырылды.

Тазалық күндері көбінесе жүрдім-бардым жиналатын қаланың шет жағына бұл жолы арнайы назар аударылды. Панин, Артығалиева көшелері және Бұлқышев көшесінің 21 мен 90 үйлерінің араларында қол тимеген жер қалмады десе де болады. Әкім аппаратына қарасты барлық бөлімдер, қалалық мәслихат, «Нұр Отан» ХДП, білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің, жастар бастамашылдығының орталығы, «Тазалық – 2020» ЖШС ұжымдары қатысқан сенбілікте қала сыртының бір «көзі ашылып» қалды.

«Тазалық – 2020» мекемесі тиейтін, таситын барлық техникасын жұмылдырып, үйілген қоқыстарды тиесілі орынға төгіп отырды.

Қоқыс алаңдарының маңайы тазартылып, қиынды ағаштар, тұрмыстық қалдықтар сыртқа шығарылды. Санитарлық-эпидемиологиялық басқарма мамандары тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Барлық күшті бір жерге жұмылдырылған істің нәтижесі де сапалы болды.

«Біріккен істе береке бар» деген осы.

М.Смағұл.

Комментарии закрыты.