Бір күні бір жылдай жылдар

Еңбек. Адам баласын шыңдайтын да, биік белеске көтеретін де осы екен. Бала кезінен жетімдіктің тақсіретін тартып, есін білгелі еңбекпен күн көрген ол бүгінде бір елдің ақылгөй қартына айналды.

Қилы-қилы заманның қиямет қайымын бастан өткерген Құсайын Қаратауов 1928 жылы Шеңбер ауылының Талап совхозында дүниеге келген. Әке-шешесі ашаршылықтан қайтыс болып, қарындасымен бірге Көкшетаудағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Ағасы Темір соғысқа кетіп, қайта оралмады. 1936 жылы жеті жасында балалар үйінен кетіп, еңсесін тіктеп жатқан өндіріс ошағы Қарағандыға келіп, бір үзім нан үшін құрылысқа жегіледі.

– Құрылыста ол кезде барлығы қол еңбегімен атқарылады. Таңсәріден тұрып, кеш қарайған шаққа дейін бала болсам да құрылыста жұмыс істедім. Ауыртпалығына шыдадым. Ол кездің бір күні қазіргімен салыстырғанда бір жылдай болушы еді. 11-12 жасымда елге оралуды ойладым. Шеңберге келіп, үкіметтің мал шаруашылығын дамыту қажет деген ұранға мен де үн қосып, ауылшаруашылығына атсалыстым. Соғыстың зардабы елдің титығына тиді. Майданға ілкімді жастар ілігіп кетті. Шаруашылықты тұралатпаймыз деп әйелдермен қатар, буыны енді қатайған жастар да еңбек етті. «Бәрі майдан үшін!», «Бәрі Отан үшін!» деп тылда жүріп, мыңғырған қой бақтық. Үкіметтің санап берген 700-800 қойының шашауынан шаң шығармай, қайта басын көбейтіп бердім. 1958 жылы егінге аса мән берілген жыл болатын. Сол жылы совхозда тоған бөгеп, арық қаздық. Соқамен жер жыртып, шөп шаптық. Ол кезеңдерде айлық, ақша дегенді білмейміз. Тек талғажау ететін азық-түлікке қол жеткенге қанағат дедік. Кейде оның өзі де болмай қалатын. Ел тұрмысы жақсарып, еңсесін тіктеген соң, ауылшаруашылығындағы еңбегіме риза болған басшылар мені 1960 жылы Мәскеуде өткен ауылшаруашылығының көрмесіне жіберді. Отыз жыл қой, он бес жыл сиыр бағып, шаруашылықтың шалқуына қосқан үлесім үшін «Құрмет белгісі» орденін, «Еңбек ардагері», «Лениннің 100 жылдығына» арналған медальдарды омырауыма тақтым. Адамды еңбек қана өсіріп, еңбек қана еліңе сыйлы етеді. Қазіргі жастар еңбектен қашпауы керек. Ыңғайын тауып еңбек еткеннен асқан бақыт жоқ, – дейді Құсайын ата.

Ақсақалдың құдай қосқан қосағы Кәмила әжей де соғыс жылдарында тылда еңбек еткен. Рудник поселкесіндегі №31-34 шахталарда ерлермен қатар кен алуға атсалысқан жан. Он бала тәрбиелеп, Кеңестік кезеңде батыр ана атағын алса, тәуелсіздік алғаннан кейін «Алтын алқа» иегері болды.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Құсайын ақсақал әлі де болса тың. Оның себебі – қолындағы келіні Айгүлдің күтімінің арқасы деп қалжыңдайды ақсақал. Қарт кенже ұлы Қанатбек пен келіні Айгүлдің шаңырағында немере-шөберелерінің ортасында ақылшы болып отыр.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.