Жыр жинағының тұсауы кесілді

20130531_10_01Биыл кеншілердің киелі мекені – Сәтбаев қаласына 40 жыл толып отыр. Сүйікті қаласының торқалы тойына оның тұрғындары қолдарынан келгенше тосынсый әзірлеу үстінде. Солардың бірі – Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ақын Мұса Тілеуов. Жуырда ақынның «Арқаның ару көктемі» атты жыр жинағы жарық көрді. Осыған орай Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында ақынның жыр жинағының тұсаукесер кеші өтті.

Кешке қанаттас жатқан қос қаланың жырсүйер қауымы жиналды. Тұсаукесер кешті журналист, ақын Абдолла Дастанов жүргізді.

Жазған жырының мыңдардың жүрегіне жеткенін қалаған және сол арманына жеткен ақын шын бақытты ақын. Сол ақын – Мұса Тілеуов. Оның есімі бүгінде жырсүйер қауымға кеңінен танымал. Ақын бұған дейін оқырмандарға «Үркер», «Думаным ұласып ғасырға» атты жыр кітаптарын ұсынып, оның лайықты бағасын алған болатын. Жаңадан жарық көрген «Арқаның ару көктемі» де сол мыңдаған оқырмандарының жүрегінен орын алып, елдің аузында жүреріне сенім зор.

Астана қаласындағы «Фолиант» баспасында жарық көрген жаңа жыр жинағы екі бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімінде ақынның жүрегін жарып шыққан, сиясы кеппеген үр жаңа өлеңдері орын алса, екінші бөлімінде поэмалар мен аңыздар жинақталған. Жаңа жыр жинағы туған жер, замана, уақыт, адам, ізгілік пен ұлылық, достық пен парасат жайлы сыр шертеді. Ұзақ жыл кен өндірісінде еңбек еткен ақын жер астындағы жауһар тастардай әсем жырларымен кеншілер өмірін де кестелей білген.

Өлеңдері поэзияға тән жанды сурет, терең толғаныс пен нәзік лиризмге бай жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі де атына заты сай болып өтті. Ақынын ардақтауға, құрметтеуге, өзінің шынайы ілтипаттарын танытуға жиналған жұртшылықтың жүрек түкпірінен жарып шыққан ізгі тілектері жыр дестесіндей төгілді.

«Ел ерге қарайды» демекші, елдің өсіп-өркендеуі, ынтымақ бірлігінің артуы оны басқарып жүрген азаматтарға байланысты екені даусыз. Мұса Тілеуовтың жыр жинақтары да өлеңді бағалаған, ақынды ардақтаған азаматтардың жанашырлығы арқасында жарық көріп келеді. Тұсаукесер жиынды Мұса ақынның жыр жинағының жарық көруіне демеушілік танытып, қолдау көрсеткен жандар – қала әкімі Асқар Ыдырысов пен «Нұр Отан» ХДП-ның «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Балмағамбетов құттықтап ашып, ақынға сый-сияпат жасады. Бұдан кейін сахнаға «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-нің бір топ басшылары – Зауытқали Балқыбаев, Дулат Әлімбеков, Сұлтанбек Мырзақоңыров, Абзал Жаңабергенов шығып, кенші, ақын һәм азамат Мұса Тілеуовты әріптестері атынан құттықтап, ілтипаттарын білдірді.

Кеште ақынның қаламдас серіктері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Батырбек Мырзабеков, Кенжебай Ахметов сөз алып, жыр жинағының авторына жүрекжарды тілектерін сиясы кеппеген жырларымен жеткізсе, қаламыздағы «Шындық» қоғамдық бірлестігінің бір топ мүшелері – Яхия Асатов, Жақсылық Омаров, Мәуия Бекмағамбетова, Зейнеп Әбілбекова, Ғалил Жәнібеков, Дәуренбек Бұланбаев өз арнауларын жырмен жеткізді.

Салтанатты кеште жыр жинағының авторы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ақын Мұса Тілеуов сахнаға шығып, өзінің бірнеше жаңа жырларын оқыды.

Кеште Мұса ақынның өлеңіне жазылған бірнеше әндер де шырқалып, салтанаттың сәнін келтіре түсті.

Ізтай Белгібайұлы.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.