Болашағы бар кәсіпорын халықтың ризашылығына бөленуде

20130531_10_22012 жылдың желтоқсанында Сәтбаев қаласы әкімдігінің бастамасымен құрылған «Сатпаев Транзит» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жұмысын бастады. Кәсіпорын қала аумағындағы инженерлік-коммуникациялық желілерді, оның ішінде кәріз, су құбырларын қалыпқа келтіру, одан әрі дамыту жұмыстарымен айналысады.

Көктем айларында қар кетіп, жер жібіген кезде жөндеу жұмыстары қыза түсті. Кезінде тартылған жүйелер қараусыз қалып, содан тұрғындар наразылығын тудырған қаланың батыс ауданындағы кәріз, ауыз су құбырларын жөндеп, іске қосу қолға алынды. Сонымен қатар, насос станциясындағы электр двигательдері, басқа да қондырғылар жөндеуден өтіп, наурыз, сәуір айларында станцияның бір технологиялық жүйесі іске қосылды. Қазіргі кезде батыс аудандағы Байтұрсынов көшесіне Оразбаев көшесінен қосымша құбыр жалғанып, су қысымы көтерілді.

Бірнеше жылдан бері су тапшылығын көріп келген осы ауданның тұрғындары «Сатпаев Транзит» кәсіпорнының атқарып отырған игілікті жұмыстарына ризашылық білдіруде. Сарыарқа көшесінде тұратын Баяхмет, Нұрғаным Бегаевтар, Байтұрсынов көшесінің тұрғындары Әдрахман Сүйіндіков, Жайлаубек Тұрмағанбетов, Камалиден Есназаровтар кәсіпорын жұмыскерлеріне рахметтерін айтады.

Кәсіпорын қаланың шығыс, батыс аудандарындағы кәріз жүйелерін де қалыпқа келтіру үшін ауқымды жұмыстарды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда Аманжолов 31, Байсейітова 42, Шаталюк көшесіндегі 42, 46, 46а үйлерінде қажетті жұмыстар атқарылды. Наурыз көшесіндегі 30-шы үйдің тұрғыны Қадыр Жалғасбаев кәріз жүйесі тазаланып, су тетіктері жөнделгеннен кейін су қысымы көтерілгеніне қуанып, өз ризашылығын білдірді. Мұндай тазарту жұмыстары осы маусым айында жалғасын таппақ.

– Жұмысымыз ауқымды жүру үшін бізге қазіргі заман талабына сай техника, құрал-жабдықтар, қаражат, қосымша адам күші қажет, – дейді кәсіпорын директоры Талғат Серікбаев. – Ол жағынан қаламыздың әкімі Асқар Абылайұлы Ыдырысов қолдау көрсетілетініне сендіріп отыр. Болашақта қаланың коммуналдық шаруашылығының қалыпты жұмыс істеп, өсіп-өркендеуіне біздің кәсіпорын сүбелі үлес қосып отырады деген үміттеміз.

Қазір «Сатпаев Транзит» кәсіпорнында 12 адам еңбек етіп отыр. Насос қондырғыларының машинистері Юрий Гельманов, Юрий Кипчанов, Юрий Ляуттер станцияның үздіксіз жұмыс істеуін қадағаласа, бас инженер Ихсен Омаровтың жетекшілігімен инженерлік жүйе жөндеушілері бригадир Амангелді Сүлейменов, Әлімжан Әбуов, Қуаныш Оспан, Жасұлан Қылышбаев, Төлеухан Ермеков және жүргізуші Дулат Бақтыбаевтар қала аудандарындағы жөндеу жұмыстарын тыңғылықты атқарып келеді.

Мәди Әлжаппаров.

Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.