Қала тынысы

Мемлекеттік мереке салтанаты Осыдан он төрт жыл бұрын халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы жүзеге асып, еліміз тәуелсіздік алды. Соның айғағындай жаңа Конституция дүниеге келді. Ата Заңымыз өткен аз уақыттың ішінде өзінің тұрақтылығын, өміршеңдігін дәлелдеп, көпұлтты еліміздің қымбат қазынасына айналды. Осы кезең ішінде Қазақстан экономикасы дамыған, қуатты демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Сондықтан да біз бұл күнді айрықша қастерлейміз. Өткен аптада мерекеге арналған салтанатты жиын қала тұрғындарын Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайына жинады. Мерекенің шымылдығын өңірімізге белгілі «Шашу» бишілер тобы ашты. Қазақстан Республикасының Конституциясының 14 жылдығына байланысты қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева баяндама жасап, жиналғандарды құттықтады. Салтанатты жиында қала прокурорының міндетін атқарушы А.Айтбеков, қалалық мәслихаттың депутаты Ә.Қоңырова, «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Н.Наурызбай құттықтау сөз сөйледі. Конституция күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 17 тамыздағы №875 Жарлығымен Сәтбаев қаласының көп балалы аналары С.Жапарова, С.Құлжанбаева, Ж.Сатова, А.Ширекбаева «Күміс алқа» белгісімен марапатталған болатын. Қала әкімі С.Медебаев сахна төрінде аналардың мойнына алқаларын тағып, құрмет көрсетті. Айтулы мереке қарсаңында қаланың саяси-экономикалық өміріне қосқан жеке еңбегі, шығармашылық үлестері үшін бір топ қызметкерлер мен жұмыскерлер қала әкімінің Құрмет грамотасымен және қалалық мәслихаттың грамотасымен марапатталды. Осындай салтанат үстінде Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 20 жыл толуына арналған мерейтой медалімен 75 сәтбаевтық жауынгер-интернационалистер марапатталды. Мерекелік медальді табыс ету рәсімін қала әкімі С.Медебаев пен «Қазақмыс» корпорациясы «Ауғанстан ардагерлері Одағын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Дүйсенов жасады. Жиынға қатысушылар қол соғып, Ауған ардагерлеріне деген ыстық ықыластары мен құрметін көрсетті. Мемлекеттік мерекені жергілікті өнерпаздар Ж.Сәрсенбеков, Р.Асқапов, С.Байназаров, Ж.Омарова әнмен әрлеп, «Шашу» тобы бимен сәндеп отырды. М.Жаппасбаева. Суреттерді түсірген Г.Әжібаева.

Комментарии закрыты.