«Ғасыр жолының бойында»

20130531_08_1Өткен аптада қарашаңырақ Қарсақбайда осындай атпен үлкен іс-шара болып өтті. Ол Қарсақбайдағы тар табанды жолдың салынуы мен бүгінде аймағымыздағы ауқымды жоба Жезқазған–Бейнеу бағытындағы жолдың табанының Қарсақбай кентіне келіп жетуіне арналды. Тарихи сабақтастық үлкен той ретінде аталып өтілді.

Кешегі ағылшын алпауыттары Қарсақбай мыс қорыту заводын салу үшін оған қажетті материалдар мен құрал-жабдықтарды Қарсақбайдан 315 шақырым жердегі Жосалы станциясынан тасыған екен. Сол үшін 1913 жылы Жосалыдан Қарсақбайға қарай 13 шақырымдық рельс төселді. Состав осы жолдың басына жеткенде, оның артқы жағы жиналып алынып, алдыңғы жаққа әкелініп, жолды ұзартып отырды. Міне, сол тар табанды теміржолдың Қарсақбай өңірінде төселгеніне биыл 100 жыл толып отыр.

Ал, өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде жүк тасымалының әлеуетін арттыру мен жол қатынасын жетілдіру мақсатында Жезқазған–Бейнеу бағытындағы теміржол құрылысын салуға тапсырма берген еді. Осы ауқымды құрылыс Мемлекет басшысының тікелей телекөпір арқылы өткізген елмен кездесуінен кейін басталды да. «Ғасыр жобасы» деген атауға ие болған бұл жолдың табаны қарашаңырақ Қарсақбайға де келіп жетті. Сөйтіп, кешегі тар табанды темір жолдың орнын транзиттік болатжол басып отыр.

Бейсенбі күні Қарсақбайдағы тойтөбеде осы қос мерекеге арнап, Ұлытау–Жезқазған жұртшылығының басын қосқан салтанатты іс-шара өткізілді. Оған «Қазақстан Теміржолы» Ұлттық компаниясы мен Жезқазған–Сексеуіл бағытындағы болатжолды салып жатқан «Жол жөндеуші» компаниясы мұрындық болды.

Сағат тілі 11-ді көрсеткенде той салтанаты басталды. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген қағиданы ұстанған іс-шараны ұйымдастырушылар осы өңірде дүниеден өткен ата-баба рухына құран бағыштауды ұмытқан жоқ. Жезқазған мешітінің найб имамы Ержігіт құран оқып, аруақтарға дұға бағыштады.

Бұдан соң тойдың ресми ашылу салтанатына кезек берілді. Той шымылдығы Арқаның арқалы ақындарының бірі, кешегі Болман мен Тайжанның табаны тиген жерге арнайы ат арылтып келген, талай айтыстарда тыңдаушыларының айызын қандырып, жырмен сусындатқан жаңаарқалық айтыскер ақын Төлеген Жамановтың арнауымен ашылды.

Жыр шашудан кейін сахнаға «Жол жөндеуші» компаниясы Жезқазған–Сексеуіл темір жолын салу жөніндегі дирекцияның директоры Рүстем Молдағұлов шығып, жиналған жұртшылықты бүгінгі тарихи күнмен құттықтады.

– Өздеріңізге мәлім, кеше ағылшын алпауыттары Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі кен орындарын сатып алғаннан кейін осы жердегі байлықты игеруге кірісті. Ол үшін темір жол қажет болған соң бүгінде тарихтан тәбәріктей болып қалған осы тар табанды темір жолды салған еді. Содан бері де, міне, бір ғасыр уақыт өтіп отыр.

Араға 100 жыл салып тар табанды жол торабымен аймағымызды батыспен де, шығыспен де жалғастыратын үлкен транзиттік жол салынып жатыр. Оның алды бүгінде қарашаңырақ Қарсақбайға жетті. Таяу уақытта осы жерге болатжолды толық төсеп, бүгінгі той куәгерлерін сол жол арқылы арнайы вагонмен әкелу де ойымызда бар. Ол күн де алыс емес. Ал, желтоқсан айының 16-сы күні Тәуелсіздік тойына тарту ретінде Қоскөлде Жезқазған–Бейнеу болатжолы түйісетін болады. Бүгінгі күн – сол тойдың бастамасы, – деді Рүстем Сапарұлы өз сөзінде.

Компанияның Жезқазған жеріндегі өкілінен кейін сахнаға Жезқазған қаласының әкімі Бауыржан Шыңғысов пен Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омаров шақырылды. Қос әкім Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет Жезқазған – Ұлытау аймағын дамытудың кешенді жоспарын қабылдағанын, сол жоспардың бір тармағы Жезқазған–Бейнеу теміржолы екенін тілге тиек ете келіп, осы жұмыстың сәтті басталып, қызу қарқынмен жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінгі іс-шара соның нәтижесі. Өткен жылы шілде айының басында алғаш түрен түскен темір жолдың табаны Қарсақбайға дейін жетті. Ал, ол тар табанды теміржол түскен уақытпен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның өзі тарихи сәйкестік. Ісіміз оңғарыла берсін, – деп түйіндеді игі жақсылар өз сөздерін.

Салтанатты жиында ардагер ақсақалдар атынан Дүйсенбай қажы мен дәрігер, еңбек ардагері Өмірбек Мұқанов ақжарма тілектерін жеткізіп, баталарын берді.

Дүйсенбай қажы «Жол жөндеуші» компаниясы Жезқазған – Сексеуіл темір жолын салу жөніндегі дирекцияның директоры Рүстем Молдағұловқа қасиетті Құран кітабы мен «Мұсылманның қорғаны» деген дұғалар кітабын тарту етті. Өз кезегінде «Жол жөндеуші» компаниясының басшылары Ұлытау–Жезқазған өңірінен келген ардагерлердің иығына шапан жауып, қошемет көрсетті.

Бұдан кейін «Қазақстантеміржолы» Ұлттық Компаниясының Қарағанды облысы бөлімі бастығының орынбасары, Жезқазған станциясының бастығы Мақсұтқажы Шәкенов сөз сөйлеп, аймағымызда осындай ауқымды іс тындырып жатқан «Жол жөндеуші» компаниясының басшыларына бөлімше атынан Алғыс хат табыс етті.

Той салтанатында сондай-ақ, осы іс-шараға тікұшақпен арнайы ұшып келген «Жол жөндеуші» компаниясы бас директорының орынбасары Хурам Мурадов мырза да сахнаға шығып, өзінің игі тілегін жеткізді.

Сарыарқаның сайын даласында өткен тойда Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданының көркемөнерпаздары әуелете ән салып, күмбірлете күй төгіп думанның сәнін келтірді.

Қазақтың қай тойы аламан бәйге мен балуандар белдесісіз өтіп еді?! Бұл жолғы думанда да осындай ұлттық спорт ойындары той ажарын аша түсті. Тойға жиналған жұрт мерекелік дастарханнан дәм татқан соң қалы кілемнің шаңын қаққан балуандар белдесін тамашалады. Мұнда Ұлытау, Жезді, Қарсақбай кенттерінен және Алматыдан келген отызға тарта балуан 60,70,80 келі салмақ дәрежелері бойынша күш сынасты. Сондай-ақ, боз кілемде бақ сынасқан түйе балуандар да болды.

Білекті де жүректі палуандардың белдесуінен соң халық аламан бәйгені тамашалады. Бейгеге 6 сәйгүлік қатысты. Оның үшеуі Қарсақбайдың, біреуі Байқоңырдың, екеуі Жаңаарқа ауданының жүйріктері еді. Аттар әр айналымы бес шақырым болатын аумақты төрт рет айналды. Яғни, жиырма шақырымға шапқан аттардың алдын ә дегенде-ақ суырылып шыққан Жаңаарқаның жүйріктері бермеді. Аманкелді Ержановтың «Қасқалдағы» мен «Сұңқары» бірінші және екінші орынды иемденді. Олармен құйрық тістесе мәре сызығын кескен Байқоңыр ауылының аты үшінші орынды місе тұтты.

Қарсақбайда өткен той осындай ерекшеліктерімен елдің есінде қалатындай болды.

Ізтай Белгібайұлы.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.