Толқуға толы сәттер

№4 Абай атындағы мектеп-лицейін биылғы оқу жылында 60 түлек бітірді, оның 4-і «Алтын белгіге», 1-і «Ерекше үлгідегі аттестатқа» үміткер. Жас түлектердің соңғы қоңырау салтанатына қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, осы мектептің 20 жыл бұрынғы түлегі, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған Университетінің ұстазы Е.Әбеуов, білім, денешынықтыру және спорт бөлімі әдістеме кабинетінің меңгерушісі И.Беткер қатысып, құттықтауларын жеткізді.

Алғашқы болып мектеп басшысы Г.Жаппасова педагогикалық ұжымның атынан түлектерге, құрметті қонақтарға, ата-аналар мен қатысушыларға деген құттықтауы мен ақ тілегін жеткізді. Қала әкімдігі атынан және өз атынан М.Мәдиева ыстық ықыласын білдірді:

– Қымбатты балалар, сіздер үшін біздің мемлекетте үлкен мүмкіндіктер жасалған. Соны дұрыс пайдаланып, өмірден өз орындарыңды таба біліңдер. Өз қалаларыңмен, мектептеріңмен мақтанып, ұмытпай жүріңдер – деген Марал Сағынайқызы мектеп ұжымы мен ата-аналарға да алғысын білдірді.

Е.Әбеуов Г.Жаппасоваға Университет ректорының Алғыс хатын тапсырып, мектеп бітірушілерге ақ жол тіледі.

Ауладағы толқуға толы қимас сәт мәжіліс залындағы оқушылар ұйымдастырған үлкен бағдарламаға жалғасты.

Білімнің қарашаңырағы №27 қазақ орта мектебінде де «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты мектеп бітірушілерге арналған мереке өтті. Әсем безендірілген мектептің үлкен залына ата-аналар, ұстаздар және 11 сынып оқушылары жиналды.

Әнұран орындалып, мереке шымылдығы ашылғаннан кейін мектеп басшысы А.Аманова білім ордасынан түлеп ұшқалы отырған шәкірттеріне ақ тілегін жеткізді.

– Ел ертеңі, ұлт болашағы сендердің қолдарыңда, еліміздің адал ұл-қыздары болып, мемлекеттің мызғымас тірегі болып еңбек етулерің керек. Он бір жыл білім берген ұстаздарыңның үмітін ақтап, жақсы істеріңмен қуантып жүрулеріңе тілектеспін, – деді Алма Сұлтанқызы.

Ұлағатты ұстаз, қаланың Құрметті азаматы Шабал Бейсенбекова барша ұстаздар мен ата-аналарды қуанышты шақтарымен құттықтай отырып, жас түлектерге ақыл- кеңесін айтты.

Келесі сөз кезектерінде қаланың Құрметті азаматы, қалалық мәслихат депутаты, жоғарғы санатты дәрігер С.Орал жастарға тілек білдіре отырып, қанша жыл өтсе де ұстаздарын құрметтейтінін, ұмытпайтынын үлгі ете жеткізді.

Салтанатты күннің қонақтары – әкім аппараты ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің басшысы А.Әбілқасымов, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Қ.Жарасова да құттықтауларымен бірге алдағы үлкен сынақ ҰБТ-дан сүрінбей өтулеріне тілектестіктерін білдірді. Ал, бірінші сынып бүлдіршіндері аға-апаларына арнаған тақпақтарын айтып берді.

Cынып жетекшілері Қ.Әлжанова мен Г.Балтина 11 жыл бойы мектеп өмірінде белсенділік танытқан бір топ оқушылардың мойнына «Сынып мақтанышы», «Сынып жүрегі», «Сынып төресі», т.б. атаулармен алқалар салды. Мектеп түлектері ұстаздарға арнаған өлеңдерін оқыды. Әсем ән шырқалып, соңы мектеп вальсіне ұласты.

Дәстүрлі аманат кілті 10 сыныпқа тапсырылды. Ата-аналар атынан А.Надированың әжесі мектеп ұжымына алғысын білдіріп, тойға шашу шашты.

Алтын ұямен қоштасу мерекесі 1 сынып оқушылары Е.Жағыпар мен А.Қорғабайдың және Қ.Мұхитбеков пен Ж.Пірлепесованың сыңғырлата соққан соңғы қоңырау үнімен аяқталды.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.