«Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ…»

Весовая елді мекеніндегі «Теміржолшылар» клубында осындай тақырыппен Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан және Абай, Шәкәрім әндерін орындаудан қалалық байқау болып өтті. Оған қала мектептерінен 11 үміткер қатысты. Байқауды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Ал, оны өткізуге қалалық мәдени-сауық орталығы мен «Теміржолшылар» клубының жетекшілері де сүбелі үлестерін қосты.

Халқымыздың ақылшысына, ұлтымыздың мақтанышына айналған хакім Абайдың мәні терең, мағнасы дария, құндылығы өлшеусіз мұрасы ұрпақпен бірге жасасып келеді. Ал, оның мұрасына қайта-қайта оралып отыруымыз, қайта-қайта оқып отыруымыз – міндет болмақ. Аталмыш байқаудың да негізгі мақсаты осыған саяды.

Мұндағы бір ерекшелік, Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу тек өзге тілді ұлт ұрпақтарының үлесінде болды. Ал, ән орындау байқауында бақ сынаушылардың ұлтына шек қойылған жоқ.

Байқау барысында Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің оқушысы Елена Крятова Абайдың «Он тоғызыншы қара сөзін», №2 орта мектептің оқушысы Асхат Галиуллин «Бойы бұлғаң», №25 орта мектептің мұғалімі Лилия Ибраева «Өлең сөздің патшасы» өлеңдерін нақышына келтіре оқып, жанкүйерлерін ризашылыққа бөлесе, оқушылар сарайының тәрбиеленушісі Ақбота Қанат Абайдың «Туғызған ата-ана жоқ», №25 орта мектептің мұғалімі Лилия Ибраева «Өзгеге көңілім тоярсың», №2 орта мектептің оқушысы Александра Андреева «Көзімнің қарасы» әндерін, №27 мектептің оқушысы Ақмоншақ Махамбет Шәкәрімнің әнін тамылжыта шырқап, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды.

Байқаудың қорытындысы бойынша Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан Елена Крятова бірінші орынды, Лилия Ибраева екінші орынды, Асхат Галиуллин үшінші орынды иемденді. Ал, ән байқауында бірінші орын Ақбота Қанаттың, екінші орын Ақмоншақ Махамбеттің, үшінші орын Александра Андрееваның еншісіне тиді. Байқауға қатысқан барлық үміткерлерге Алғыс хаттар табыс етілді.

– Қаламызбен қоңсылас жатқан елді мекендерде осындай мазмұнды кештер өткізіп тұру жоспарымызда бар. Мұндағы мақсат, біріншіден, елдімекен тұрғындарының бос уақыттарын мазмұнды өткізулеріне ықпал ету болса, екіншіден, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтардың санасына сіңіру, – дейді байқауды қорытындылаған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.