Ешқашанда ұмытылмайтын күн бұл

Қазақ халқы неше бір зұлматты бастан өткерді. Алайда, тоталитарлық саясаттың машинасы бәрінен асып түсті. Қазір 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құбандарын еске алып, аза тұту күні ретінде атап өту – парызымыз. Себебі, өткенін ұмытқан ұлттың болашағы да жоқ.

1937-1938 жылдардағы қанды оқиға жаңғырығы мәңгі ел жадында. Нақақтан-нақақ ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары «ұлтым» деймін деп «ұлы қылмыс» жасап, «халқым» деймін деп «халық жауы» деген жала жабылып атылып кетті. Талай бейбіт отбасыларының оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды. Түптеп келгенде, саяси қуғын-сүргін, аштық, өзге ұлттардың депортациясы барлығы тоталитарлық жүйенің орыстандыру-шоқындыру, бүтіндей бір ұлтты жою саясатының нәтижесі. Мәселен, Қазақстанға 1936-1957 жылдары 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды. Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен басқалар да өз еркімен келген жоқ. Барлығы 1,5 млн. адам күштеп көшіп келді.

Бас көтергендерге жазалау шаралары жүргізіледі. 1929-1931 жылдары көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін НКВД органдары 5551 адамды соттап, оның 883-ін атып жібереді. Жалпы алғанда, күштеп ұжымдастыру кезінде 10 мыңнан астам адам жазаланады. Осылайша, қазақ халқы атажұртында отырып-ақ ана тілінен, ұлттық ерекшелігінен, дінінен айырмақшы болған қауіпті қара сызықтың келесі жолағын аттаған болатын.

Голощекин Қазақстанға бірінші хатшы боп келгеннен кейін бұл процесс ашық түрде жүргізілді. «Голощекин геноциді» жөнінде айтқан кезде 1928 жылы басталған ашаршылыққа ерекше назар аударған жөн. Оған 1926-27 жылдардағы ауқатты шаруа мен байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу және халықты ұжымдастыру науқаны түрткі болған. Малды тартып алған соң, халық қынадай қырылған. Тіпті, бір-бірінің етін жей бастаған.

1932 жылғы тамызда ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев Сталинге хат жолдаған. Онда қазақтардың аштан қырылу, босып кету деректерін бүкпей баяндап, өлкелік комитеттің көзбояушылыққа жол беріп, аштыққа апарған әсіре науқаншылдығы мен оны үстей түскен ауылдардағы шолақ белсенділікті жасырмай әшкереледі. Бар айыпты бір адамға үйіп-төгуге болмайтынын ескертті. Күйзеліске өлкеком бюросы түгел, оның ішінде, басшы қызметкер ретінде өзінің де белгілі дәрежеде жауапты екенін мойындай отырып, басшылықты жаңарту қажеттігін айтты. Бірінші хатшының айрықша рөлі баршаға белгілі екенін атап көрсете келе, О. Исаев Голощекинді өз қателіктерін түзетуге қауқарсыз деп ойлайтынын да жазды. Ол Бас хатшы И.В. Сталиннің тікелей өзіне осындай пікірін ашық жолдап, Қазөлкекомның бірінші хатшысы Голощекинді ауыстыру қажеттігін тұңғыш та дара, әрі жалғыз көтерді.

Әрине, оның ондай пікірі бірден қош алына қойған жоқ. Халық аштық, індет зардаптарын тарта берді, қырылу, босқындық тыйылмады. Ол жайында Сталинге 1932 жылғы 29 қыркүйекте РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов хат жазды. Ақыры, жағдай тым асқынып, қазақ даласы аштық құрбандарынан аяқ алып жүргісіз болған 1933 жылғы қаңтарда, «адал лениншіл-сталиншіл» Филипп Голощекин Мәскеуге, Жоғары Төрелік Сотты басқаруға шақырылып алынды. Автономиялық республиканың басшылығы ауыстырылды…

Тарихшылардың бағалауынша, одақ бойынша 1927-1953 жылдары 60 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Тізімдегі 631 атылған адамның 80 пайызы қазақтың белгілі адамдары болған. Көбі Алаштың арыстары. 1929-1933 жылдары Қазақ АССР ОГПУ саяси өкілінің үштігі 9 805 іс қарап, 22 933 адам жөнінде шешім қабылдаған, соның ішінде 3 386 адамға ең жоғары жаза – ату жөнінде үкім шығарған.

Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасқан. Олар: Алжир, Қарлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерлері.

1937 жылдың үшінші шілдесінде НКВД-ның Батыс Сібір бойынша басқармасының бастығы Миронов пен Қазақстан Ішкі істер халық комиссары Залин бір мезгілде шұғыл құпия тапсырма алған. Онда күзеті күшейтіліп, қатаң тәртіптегі тікенек сыммен және биік дуалмен қоршалған концентрациялық лагерь ұйымдастыруға пәрмен берілген. Мұнда қанқұйлы қылмыскер немесе кәнігі ұры емес, нәзік жанды әйелдер – аналар, қыздар, балалар ұсталуға тиіс болған. Қарағанды ГУЛАГ-ының құрамына енгізілген бұл тозақ мекемесінің атауы да құлаққа тосын естілетін – АЛЖИР. Оны қазақ тілінде тарқатып айтқанда, «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» деген сөз болып шығады. Бұл шифрограммаға ГУЛАГ бастығы Берман қол қойғанмен, оның әміршісі – сол кезеңдегі НКВД бастығы Ежов болды. Әйелдерді сырқаты, екіқабаттығы, сәбилі болуы да темір тордан құтқара алмады. Тіпті, «отанын сатқандар» делінген қара күйе жағылған адамдардың бұрынғы әйелдері де тұзаққа ілікті. Өкіметтің пайымдауынша, әйелдер күйеулерінің көзқарастарын қолдайды, сондықтан олар да қауіпті адамдар болып саналады. 1937-1938 жылдары мұнда 20 мың әйел жазасын өтеді. Олар мал бақты, бақшада жұмыс істеді, қырқыншы жылдары майдандағы әскерге киім тікті, қамыс шапты.

Отанын сатқандардың балаларын балалар үйіне апарды. Соның ішінде туыс адамдар мен таныстардан да қасақана бөліп жіберді. Алайда, балаларымен кездесу үміттерін АЛЖИР-дің қатаң тағдыры үзе алмады. Бостандыққа шыққаннан кейін де олардың барар жері, басар тауы қалмады. Бұрынғы тұтқындар лагерь маңындағы қоныстардан алысқа кете алмады. Өйткені, олардың төлқұжаттарында елдің 39 қаласына баруға тыйым салынған белгісі болатын.

Қазақ зиялыларының жікке бөлінуі қолдан жасалған және бірнеше кезеңге созылған күрделі процесс. Ең алғаш большевиктер Әлихан Бөкейхан бастаған Алашорда қайраткерлерін биліктен ығыстырып шығарды. Одан кейін бұл үрдіс 1925-1930 жылдары қайта жалғасты. Үшінші кезеңде 1937-1938 жылдары шарықтау шегіне жетті. Осы жылдары қазақ зиялылары: Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Магази Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Левон Мирзоян, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаханша Досмұханбетов атылды.

Қазақ тарихында Алаш идеясы, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы сан қырынан таразылайтын тың тақырып. Әлі де оның қайраткерлері толықтай зерттеліп болған жоқ. Мәңгілік Алаш идеясын жүзеге асырудағы қазақ зиялыларының рөлін тарихи саралап, өткенге көз жіберсек, Алаш идеясының ХХ ғасырдың бас кезіндегі уағыздаушы әрі жүзеге асырушы қайраткерлері ұлт ісіне ерте есейген есті санамен, жалындап тұрған жастық жігермен құлшына кіріскендіктерін байқауға болады.

Алаш қозғалысының басты мақсаты – Қазақ елінің өзін-өзі басқару, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, нарықтық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқығын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Қазақты «ұлт» ретінде сақтап қалу болды. Солардың бірқатары туралы нақтылы деректер келтіре кетсек.

Алашордалықтарды ұлтшылдар ретінде 1929-1931 жылдар аралығында құрта бастады. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтар секілді Алаштың арыстары болды. 1927-1953 жылдарға дейін саяси қуғын-сүргін құрбаны болған адамдардың қаралы тізімін әрі қарай жалғастыра беруге болады… Ұзақ жылдардан кейін ғана көптеген Алаштың ардақты азаматтарының есімдері халқымызға қайта оралды.

Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы.

Ізтай Белгібайұлы.

(Орталық басылымдар және интернет материалдары негізінде әзірленді).

Комментарии закрыты.