«Болашақты жасаймыз. Болашаққа сенеміз»

20130531_04_1Осындай тақырыпта Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Ұлытау-Жезқазған аймағында мамандар даярлауда өзіндік орны бар жалғыз жоғарғы оқу орны – Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ашық есік күні өтті. Университет ұжымы бұл шараны мектеп бітіруші түлектерге арнайы дәстүрлі түрде бірнеше жылдан бері өткізіп келеді.

Алтын ұя мектептерінен түлеп ұшқан жастардың алдында сан тарау жол мен дұрыс мамандық таңдау міндеті тұратыны сөзсіз. Осы бағытта университет ұжымы аймаққа қажетті мамандықты осы оқу орнында игеруге ықпал жасап келеді.

Ашық есік күнінде университеттің ректоры, техника ғылымдарының докторы Әбділмәлік Тәкішов сөз алып, университеттің мамандар даярлаудағы жетістіктеріне тоқталды. – Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті 1996 жылы тау-кен технологиялық және педагогтік институттарының бірігуі арқылы құрылған жоғарғы оқу орны. Бүгінде университет қабырғасында гуманитарлық-педагогтік, экономика және құқық, тау-кен технологиялық институттары мамандар даярлап келеді. Бұл институттарда 36 мамандық бойынша студенттер бакалавр дәрежесінде дәріс алуда. Ғылыммен айналысамен деген жастарға 6 бағыт бойынша магистрант атануға мүмкіндік бар. Білім ошағында 195 мұғалім бар. Оның сегізі ғылым докторы, жетпіс төрті ғылым кандидаты. Отыз бір магистрант еңбек етуде. Университетте 6 оқу ғимараты, 300 мыңнан асатын кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді. Университет интернетпен толық қамтамасыз етілген және қашықтықтан оқыту мүмкіндігі де қарастырылған. Кенді аймақтың бірден-бір сұранысы – тау-кен саласының мамандарын даярлап шығаруда университет «Қазақмыс» корпорациясымен тығыз қарым-қатынаста. Былтырғы жылдан бастап алып компания 25 грант бөлді. Биылғы жылы да бұл бастама жалғасын таппақ. Қазіргі күні біз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ұзақ мерзімді Жолдауында көзделген дуалды білім беру мәселесін қолға алып отырмыз – дей келе, Ә.Тәкішов жақында университет пен қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе жұмыс жасау мақсатында екіжақты келісім-шартқа қол қойылғанын атап өтті.

Жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева жас түлектерді құттықтап, аймағымыздағы жалғыз оқу орнында қаламызға қажетті мамандықтарды игеруге шақырды.

Одан әрі әр институттың студенттері өз мамандықтары жайында сыр шертетін көріністер қойды.

Іс-шара «ЖезУ студенттерінің маршымен» аяқталды.

Бағдат Қазкенов.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.