Басты бағыт – діни сауаттылық

20130531_04_1Адам баласының асыл қазынасы – дін. Имандылық пен адамгершіліктің бастауында тұрған асыл Ислам діні – жақсылыққа үндеп, әлемде бейбітшіліктің салтанат құруын қалайтын бірден-бір дін. Алайда, осы діннің атын жамылып, жастарды теріс пиғылға тартып жатқан ағымдардың іс-әрекеттері Ислам дінінің саф алтындай өз дәрежесінде дәріптелуін бұрмалауда. Бүгінгі қоғамның басты дертіне айналған осы өзекті де өткір мәселені шешуде Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы жанындағы ақпараттық-насихат тобының өкілдері халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Аймақтарда басқарманың өкілдері қалың жұртшылықпен кездесу ұйымдастырып жатыр.

Өткен аптада Жезқазған аймағына келген басқарма өкілдері Жезқазған кенті мен Сәтбаев қаласының тұрғындарымен жүздесті.

Жезқазған кентіндегі №2 орта мектепте өткен кездесуге ҚМДБ-ның уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғарбаев, «Нұр» Қазақ-Египет Ислам университеті проректорының діни істер жөніндегі көмекшісі Рақымжан Әкімбеков, Орал облысы мешітінің өкіл имамы Бауыржан Әлиұлы қатысып, дәстүрлі дініміз жайында орамды ойларын ортаға салды.

Кездесуді кент әкімі Асылхан Сәдуақасов ашып, жүргізіп отырды.

– Баршаңызға белгілі Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2011 жылдың қазан айында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңын бекіткен болатын. Қазіргі күні елімізде екі діни басқарма жұмыс атқаруда. Соның бірі – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы. Еліміз имандылыққа бет бұрғалы мешіт саны екі мыңнан асты.

Егер де салыстырмалы түрде қарасақ, дін дегеніміз еш боямасы жоқ ақ парақ сынды. Ол адамды ізгілікке, бір-бірін сыйлауға, ата-ананы құрметтеп, оларға жанашырлықпен қарауды үйретеді. Оның ішінде Ислам дінінің орны бөлек. Ата-бабаларымыздың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен астасып жатқан Ислам діні адамзаттың асыл қазығына айналды. Демек, біздің ұстанар бағыт-бағдарымыз – ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) барша мұсылман қауымына дәріптеп кеткен Ислам діні болуы керек. Өкінішке орай, асыл діннен хабары жоқ, әртүрлі ағымдардан алған ілімін ел ішінде уағыздап, іріткі салу, алауыздық тудыру мақсатындағы теріс бағыттағы топтардың құлы болған жастар осы қазығымыздан алшақтап кетті. Бұған дінді кінәлаушылар да табылып жатыр. Қателесуге болмайды! Бұл жерде діннің емес, діни сауаты жоқ азаматтардың кінәсі деп білген жөн. Теріс ағымдардың ықпалы ата-ана мен баланың, туған-туыстың арасына іріткі салуда. Сондықтан да ақ пен қараның жігін ажырату үшін әр азаматта діни сауаттылық болған жөн. Қазіргі күні ғаламтор желісінде жат ағымның ілімін дәріптейтін сайттар көп. Егер де діннен сауат ашамыз деп ниеттенсеңіз, Мүфтияттың өз сайтынан немесе қаладағы орталық мешіттердегі оқу курстарынан дәріс алып, имамдардан ақыл-кеңес алған абзалырақ, – деді Ершат Оңғарбаев.

Ислам дінінің асыл құндылықтары мен оның ғылыммен байланысы төңірегінде және елімізде діни ағарту ісіне маман даярлайтын «Нұр» Қазақ-Египет Ислам университеті жайында Рақымжан Әкімбеков сөз қозғады. – Ислам діні ғылымның өркен жайып, дамуын қолдайтын діндердің бірегейі. Тарихтан белгілі, орта ғасырларда Ислам мемлекеттерінің қай-қайсысында болмасын ғылым ілгері дамыды. Ал, бүгінгі күні Ислам дінінің ғылыммен байланысы өте мықты. Біз осы тұрғыдан алғанда дінді өз деңгейінде дәріптеп, оны халыққа сан ғасырлық бояуын кетірмей, бәз баяғы қалпында жеткізетін ғылыми мамандар даярлау үстінеміз. 2001 жылдан бері Елбасының нұсқауымен жұмыс істеп келе жатқан университетте 600-ден аса шәкірт дәріс алуда.

Жасыратыны жоқ, қазір аймақтарда діни экстремизмнің ушығып тұрған шағы. Олармен күресте ең бірінші қарапайым халықтың діни сауаттылығы қажет. Діннен сауатты хабары жоқтар сол жат ағымның құрбандарына айналып жатыр. Біз осыған қоғам болып, ел болып қарсы тұруымыз керек, – деп ойын түйіндеді баяндамашы.

Көтеріліп отырған мәселеге Орал облысы мешітінің өкіл имамы Бауыржан Әлиұлы да үн қосып, діни сауаттылықты бекемдей түсуге шақырды.

Кент тұрғындары алыстан ат арытып келген қонақтарға өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.

Осы ақпараттық-насихат тобы түс ауа қалалық әкімдіктің мәжіліс залында да жиын өткізіп, өзекті тақырып жөнінде қызу талқылау болды. Кездесуге қала әкімінің орынбасарлары, мектеп басшылары, мекеме қызметкерлері мен тұрғындар қатысты.

Жиынды қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева ашып, жүргізіп отырды. Жиналғандар басқарманың өкілдеріне сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптар алды.

Бағдат Қазкенов.

Суреттерді түсірген М.Шахаева.

Комментарии закрыты.