Қос мереке қатар тойланды

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мен Шахтер күні қатар тойланды. Мерекелік бағдарлама тамыздың 30 күні таңертең киіз үйлер тігілген алаңда ән шырқалған думанды тоймен басталып, спорттық жарыстарға ұласты. «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген қанатты қағиданы берік ұстанған халық алдымен апат болған кешілеріне тағзым етті. Мұсылмандар мешітінде және православия шіркеуінде жұмыс барысында қаза тапқан боздақтардың әруағына арнап «Қазақмыс» корпорациясы мен Сәтбаев қаласы әкімдігінің басшылығымен ас берілді. Аста қала әкімі С.Т.Медебаев сөз сөйлеп, мешіттің бас имамы Бақдәулет қажы Әдбірахманов қайтыс болған кеншілердің рухына бағыштап Құран оқыды. Кешке ораза тұтқандар үшін ауызашарға арнайы дастархан жайылды. Қала жұртшылығы, мемлекеттік мекемелер ұжымы, ұстаздар мен оқушылардың мерекелік шеруі Ұлытау көшесінен басталып, Комаров көшесінің бойымен өтіп Кеншілер алаңына жиналды. Мерекелік салтанатты ашылуында қала әкімі С.Т.Медебаев, «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Б.Қрықпышов, №57 шахтаның бұрғылаушысы сөйлеп сәтбаевтықтарды мерекелерімен құттықтады. Салтанаттың соңы қала өнерпаздарының қатысуымен қойылған «Ата Заңым – ардағым» атты үлкен концертке жалғасты. Кеншілер алаңында қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған қазақша күрестен, кір тасын көтеру, шахмат, дойбы, білектесуден жарыстар өткізілді. Жеңімпаздар анықталып, жүлделер табыс етілді. Кешке орталық сахнада жергілікті таңдаулы әншілер жиналғандарға мерекелік концерт берді. «Қазақмыс» корпорациясы кеншілер мерекесінде жыл сайын эстрада жұлдыздарын шақыруды дәстүрге айналдырған. Биыл да осы салтпен Өзбекстаннан «Ялла» ансамблі, «Музарт», «Орда», «Астана kz КВН» топтары, Республикаға танымал әншілер Ляззат Бәйтерекова, Жанна Орынбасарова, Асылбек Еңсепов сынды қазақстандық өнер тарландары арнайы шақырылды. Осының бәрі кәсіби мерекелері қарсаңында кеншілерге көрсетілген құрметтің бірі ғана. Өнер кешіне жиналған жұртта шек болмады. Өзара құрметпен алмасқан концерт түн ортасы ауғанда түнгі аспанды түрлі-түсті моншаққа бөлеген мерекелік салютпен аяқталды.

Комментарии закрыты.