Сұмдық-ай!

«Мың бір түн» оқиғалары «Айнакөл» маңындағы жаңа кафенің ашылғанына бір жылдай болып қалды. Дегенмен аты жер жарып тұр. Көзден таса деп көпшіліктің баратын жеріне айналды. Сәтбаев қалалық Ішкі істер бөлімі нің мәліметінде осы «Мың бір түн» кафесіндегі ірілі-ұсақты оқиғалар жиі тіркеліп жүр. Таяуда «Нұрқазған» ЖШС бұрғылаушысын сол кафеде біреулер пышақтап кеткен. Жедел іздестіру шаралары кезінде Н. атты студент ұсталып, кінасын мойындапты. Студенттің мас-сау екенін қайдам, ал жәбір көрген кеншіміз мас екен. Тап сол күні тапа-талтүсте Ө. деген Солтүстік Жезқазған кенішінің жұмыскері суға батып кетіпті. «Айнакөлде» болып жатқан келеңсіз оқиғалардың көбісі ішімдіктің салдарынан болатыны рас. Олай болса бұл кафе осы оқиғаларға бірден-бір себепкер емес пе екен?! Күліп беріп, жылап қайтты «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» деген атадан қалған сөз бар. Десе де, бүгінде қарызбен бірге оны берген иесі де жылап қайтатын болды. Жезқазған қаласының А. деген тұрғыны Ж. атты танысына 35000 теңге қарыз береді. Мына заманда бірінен бірі алып-салып жүре беретін болды ғой. Жылап-еңіреп сұрап тұрған соң сеніп қалған А. қайтаратын уақыты өтіп бара жатқан соң, бармай ма, «қайда» деп. Сөйтсе ол бас салып дүрсе қоя беріпті. Анығын айтсақ, ұрыпты. Жарақаты жеңіл екен, әйтеуір. Осындай оқиғадан кейін қарыз берерде ойланғанымыз дұрыс шығар. Бұл – басқаға сабақ. Косметика алаяғы Жезқазған қаласының тұрғыны, еш жерде жұмыс істемейтін, 1985 жылы туған М. деген азаматша талай адамды жер соқтырып келеді. Оның бір ғана тамыз айындағы әрекетін қараңыз! Дәрігерлердің арасында әр түрлі бизнеспен айналысатындары бар. Соның бірі косметика. Өзің ауырып отырсаң дәрісімен қоса тауарын да айтады ғой. Ішкі істер бөліміне Л. атты дәрігер арызданған. Әйгілі М. 76100 теңгенің косметикалық тауарын алып, ақшасын әлі күнге бермей жүрген көрінеді. Ал, тағы бір алданған – сәтбаевтық жұмыссыз А. Одан да М. сәуір айынан бері 2856000 теңгенің косметикалық заттарын алып, ақшасын бермей кеткен. Онымен қоймай жезқазғандық А-ның сеніміне кіріп 16000 теңгесін қағып алған. Сонда бұл М. атты алаяқ әйелге тосқауылды кім қояды! Әлде аузымыз ашылып жүрген өзімізге де сол керек пе! Сәтбаев қалалық ІІБ мәліметі бойынша дайындаған Майра Смағұл.

Комментарии закрыты.