Жанарда жас, көңілде қимастық…

20130531_02_1Міне, тағы бір оқу жылы артта қалып, соңғы қоңырау үні естілді. Албырттықтың соңғы сәттері мектеп қабырғасында қалып, өмірдің сан белесіне араласар сәт те келді. «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деген екен ұлылар. Сол білімнің тұңғиығына бойлап, мектеп атты алып кемеде балалық шағын өткізген сәтбаевтық 413 оқушы биылғы оқу жылын аяқтап, үлкен өмірге жолдама алды. Осы түлектердің 19-ы «Алтын белгіге», 10-ы «Ерекше үлгідегі аттестатқа» үміткер. Қаланың барлық мектептерінде бала шақтан болашаққа қанат қаққан түлектерді шығарып салу рәсімі өтті. Жетінші түлектерін ұшырған №16 жалпы білім беретін мектеп биыл 40 шәкіртін қанаттандырып, ұяларынан ұшырды. Білім ошағында «Алтын белгіге» және ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер озат оқушылар бар. Түлектер құрметіне арналған соңғы қоңырауға қала әкімі Асқар Ыдырысов, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова қатысты.

«Қош, мектебім, білімнің кәусар бұлағы!» тақырыбында өткен салтанатты жиын мемлекеттік Әнұранмен бастау алды.

Алғашқы болып түлектерді қала әкімі Асқар Ыдырысов құттықтады. – Құрметті жас достар, еліміздің арқасүйер білімді жастары! Сендерге әрқашан да артылар сенім мол. «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар, қалан», деп Абай атамыз айтқандай, сендер де өз білімдеріңнің арқасында дүниеде бір кірпіш болып қаланатындарыңа сенеміз. Ата-аналарыңның, ұстаздарыңның сенімдерін ақтап, ел мақтан тұтар азамат болыңдар. Үлкен өмірге басқан қадамдарыңа нұр бітсін, – деді қала басшысы.

Құттықтау легін қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова, білім ордасының басшысы Қайрат Смаилов, оқушылардың алғашқы ұстаздары мен ата-аналары жалғастырды.

Құттықтаулардан соң түлектер 1 сынып оқушыларына арналған тілектерін жолдап, ұстаздары мен мектептері жайлы өлеңдерін оқыды. Білімнің кемесіне енді енген іні-қарындастары жарлық оқып, жас түлектердей білімді де алғыр болып шығатындарына ант беріп, аға-апаларына сәт-сапар тіледі.

Білім ұясынан ұшқалы тұрған түлектер ізбасарларына білімнің кілтін табыстап, оларға ағалық ақ тілектерін жеткізді.

Одан әрі салтанатты кеш әсем әнмен жалғасып жатты. Көңілді толқытып, жанарға жас ұялатқан соңғы сәт – қоңырау соғу рәсіміне «Алтын белгіге» үміткер Қарлығаш Әлмағамбетова мен «Ерекше үлгідегі аттестатқа» үміткер Алуа Сейтжапбарова, облыстық, республикалық зияткерлік ойындардың жеңімпазы Мейржан Ерденов және бірінші сыныптың озат оқушылары ие болды.

Кеш соңында мектеп вальсі биленіп, мектептің әнұраны шырқалды.

Қала басшысы сондай-ақ, білім ордасында жақында ғана ашылған «Тірі табиғат» атты арнайы жабдықталған бөлменің жұмысымен танысты. Оқушылардың табиғатты аялау мен сан алуан тіршілік иелеріне деген сүйіспеншілігін арттыруды көздеген бөлменің жұмысына қала басшысының көңілі толды.

Қырық жыл білімнің кәусар бұлағынан оқушыларды сусындатып келе жатқан №1 мектеп-гимназиясының қабырғасынан биыл 46 оқушы қанат қақты. Үлкен өмірге жолдама алған мұндағы жастарды қалалық мәслихаттың хатшысы, бесінші шақырылымның депутаты Серік Имамбай құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Мемлекеттік Әнұранмен ашылған салтанатты кештің басты себепкерлеріне деген құттықтауын білім ордасының басшысы, білім беру ісінің үздігі Сәния Сағынтаева, мемлекеттік мекемелердің, білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің өкілдері, ата-аналар, алғашқы ұстаздары құттықтады.

Сән-салтанатымен өткен кеште ұстаздар жайында әсем әндер шырқалып, би биленіп, өлеңдер оқылды.

Бітіруші түлектерге деген ақжарма тілектерін 1 және 10 сынып оқушылары да жеткізіп, аға-апаларындай білімді болуға ұмтылатындықтарына сендірді. Білім кілті тапсырылып, соңғы қоңырау соғылып, мектеп вальсіне ұласты.

Он бір жыл білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектептері мен екінші анасындай болған ұстаздарына қимастық сезімде болған жас түлектер жанарларына жас алып жатты.

Білімнің бастауынан нәр алған жастар өмірдің жаңа бір белесін бағындыруға бет алды. Алған білімдерің бағындырар биіктеріңнің бастауы болсын! Сәт сапар, жас түлек!

Бағдат Қазкенов

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.