Сыйға – сый

Бірінші маусым балаларды қорғаудың халықаралық күнінде барлық мекеме, ұжымдар балабақша тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтауды дәстүрге айналдырған. Соның қатарында – Оңтүстік Жезқазған кеніші де бой көрсетіп келеді.

Балалардың осы шат-шадыман мерекесінде кеніш ұжымы жылда «Қазақмыс» корпорациясына қарасты

№31 «Чебурашка» балабақшасының бүлдіршіндерін құттықтап, сый-сияпаттарын тарту етіп, олардың көңілін бір көтеріп тастайтын. Олар биыл да сол дәстүрлерінен алшақтаған жоқ.

Жезқазған аймағы бойынша «КәсіпҚазақмыс» кәсіподақ ұйымына қарасты Оңтүстік Жезқазған кеніші кәсіподақ ұйымының төрағасы Абзал Жаңабергенов бастаған бір топ кеніш қызметкерлері әуелі балалардың өнерін, білімін, спортқа деген бейімділігін тамашалады.

Іргетасы қаламызбен бірге қаланған бұл балабақшада қазіргі күні 140 бала 6 топта тәрбие алуда. Әр топтың балалары тәрбиешілерінің берген білімі мен баулыған өнерлерін қадірлі қонақтардан аяп қалмады.

Өз кезегінде балабақшаның меңгерушісі Айнинур Разулева кеніштің кәсіподақ төрағасы А.Жаңабергеновке балалар атынан ризашылығын білдіріп, кеніш ұжымындағы еңбеккерлердің жұмысына сәттілік тіледі.

– Бала – бауыр етің, — демекші, – бүгін біз өміріміздің жалғасы, еліміздің ертеңгі азаматтары – кішкентай бүлдіршіндерімізді мерекелерімен құттықтап, көңілдерін аулауға арнайы атбасын тіреп, келіп отырмыз. Балалардың өнері де білімі де көңілден шықты. Мұндағы тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің көбісі кеніштерде еңбек ететін мыңдаған кеншілердің ұл-қыздары. Ұйымшылдықпен тәрбиені балаларымыздың бойына дарыта білген балабақша ұжымына сол кеншілердің атынан ризашылығымызды білдіреміз, – дей келе, Абзал Жұмағұлұлы балаларға әкелген базарлығын үлестірді.

Қонақтардың базарлығын көрген бүлдіршіндер шаттанып, ағаларына рахметтерін жаудырып жатты.

«Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады» деген екен Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз. Ата тектілігінен нәр алған бүгінгі жас буын бүлдіршіндеріміз ертеңгі еліміздің Көк Туын желбіретіп, қазақ атын асқақтата береді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.