Еңбек маусымын бастады

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен елімізде жүзеге асып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы биыл сегізінші жыл еңбек маусымына жастарды жұмылдыруда. Бұл бағдарлама біздің қалада да жүйелі түрде іске асып келеді.

Жақында «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады. Еңбек маусымының ашылуына орай қалалық әкімдікте жиын өтіп, үш маусымда іске асатын бағдарламаға осы еңбек жасағына өз ниеттерімен жазылып, қаланы абаттандыруға ықылас танытқан жастарға олардың міндеті мен мақсаты түсіндірілді. Оны қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Г.Сағындықова ашып, жүргізіп отырды. Еңбек маусымының ашылу салтанатына қатысқан «Тазалық-2020» ЖШС заңгері Асхап Асанов олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндірді.

Жиыннан соң бағдарламаға қатысушылар №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің алаңында өткен марафон-эстафетаға қатысып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Жасыл елдіктер қызу еңбек алдында спорттың бірнеше түрінен өзара сайысқа түсіп, ұйымдастырушылардың атынан сый-сияпатқа ие болды.

– Еңбек етушілердің басым көпшілігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларынан шыққан балалар мен мектеп оқушылары, технологиялық, индустриалдық және «Денсаулық» колледждерінің студенттері, барлығы 150 жас үш маусымда еңбек етеді. Олардың міндеті – қала бойынша егілген жасыл желектерді баптап, күту, суару және арықтарды тазалап, арамшөптерді жұлу. Олардың еңбекақысы республикалық және қалалық бюджеттен қарастырылған, – дейді жастар бастамашылдығы орталығының бас маманы Динара Шумаева.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.