Шаттансын бала еш мұңсыз

20130607-06-1Бар жақсысын баласының аузына тосатын, оны өмірімнің жалғасы деп қарайтын ата-ана да, қоғам да солардың еш алаңсыз, шат шадыман күйде болуына жағдай жасайды. Балаға деген қамқорлық елімізде басты назарда тұр.

Төл мерекелерін сәтбаевтық кішкентай балғындар қалалық әкімдік пен білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен өткен көңілді шараларды тамашалаумен атап өтті.

Порттық сауықтыру кешенінде өткен шаралар «Балалық шақ әлемінде» атты театрландырылған көрініспен бастау алды. Балалар өнер мектебінің, Оқушылар Сарайының, балабақшалардың тәрбиеленушілері мен білім ошақтарының оқушылары ән шырқап, би биледі. Концерттік бағдарламаны тамашалауға келген балалар әртүрлі ойындарға қатысты. Ертегі кейіпкерлері оларды ертегі әлеміне саяхаттатып, бір сергітіп тастады.

Балалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау мен өнерлерін таныту мақсатында асфальтта сурет салу, коллаж сайыстары өтті. Балалардың қиялынан туған шығармашылық жұмыстарды қазылар алқасы бағалап, шешім шығарды.

Асфальтта сурет салу сайысына биылғы жылы өзінің 90 жылдығын атап өткелі отырған «Халық Банкінің» Сәтбаев қалалық филиалы демеушілік жасады. Қазылар алқасының шешімі бойынша ІІІ орын №15 орта мектептің оқушыларына бұйырса, ІІ орын №27 мектептің қанжығасына байланды. Ал, І орынды С.Сейфуллин атындағы гимназия еншіледі. Жеңімпаз атанғандар мен белсенді қатысушыларға банк ұжымының атынан бөлім басшысы Фиуза Куликова бағалы сыйлықтар тапсырды. Ал, коллаж сайысы бойынша өнер көрсеткендер қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің атынан сый-сияпатқа ие болды. №14 орта мектеп ІІІ орынды, №25 орта мектеп ІІ орынды иеленсе, І орынды №1 мектеп-гимназиясы еншіледі. Бас жүлдені №4 Абай атындағы мектеп-лицей ұжымы мен С.Сейфуллин атындағы гимназия өзара бөлісті. Бұл сайыста да белсенді қатысқандар марапатқа ие болды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар сайыстарда әртүрлі ойындарда белсенділік танытқан, мерекені тамашалауға келген балаларға балмұздақ таратты.

Алаңға жиналған балаларды жазғы демалыстарын тиімді пайдаланып, білімдерін шыңдай түсу үшін Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Әлемде талай қызық бар» тақырыбында кітап көрмесі өтті. Көрмеге қызығушылық танытқан балалар қызықты кітаптарға жазылып та жатты.

Мереке әртүрлі бағыттағы іс-шаралармен жалғасын тапты. Жеке кәсіпкерлер кешенге арнайы құрылған ойын алаңдарында балалардың көңілін көтеруге тырысты.

Балалық шақтың бақытты сәттерін есте қалдыру үшін ұйымдастырылған мерекеге қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен балалардың мерекелік концерті нүкте қойды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.