Білімнің көкпарынан оза шапқан

20130607-02-1Ел ертеңі деп айдарлап үкі таққан бүгінгі жас буынның білімді де зерек болуы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде басты талап ретінде қойылып келеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Балаларымыздың, жалпы, барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды» дей келе, жас ұрпақтың зияткерлік қабілетін тереңдете түсуді мектепке дейінгі білім беретін мекемелерде ұштай түсуге мән берілу керектігін айтты.

Бұл бағытта кеншілер қаласындағы мектепке дейінгі білім беретін білім ошақтары тыңғылықты істер атқарып келеді десек қателесе қоймаспыз. Оған дәлел де жоқ емес. Қазіргі күні дарынды да зерек балалардың білімге деген құштарлықтарын арттыруда білім, денешынықтыру және спорт бөлімі бірнеше жылдан бері «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-әдіс орталығымен тығыз қарым-қатынаста еңбек етуде.

20130607-02-2

Біздің бүлдіршіндер осы орталықтың ұйымдастыруымен төртінші мәрте өткен «Зерек бала» зияткерлік ойынына қатысып, бақ сынаған болатын. Екі кезеңде өткен сайыстың бірінші кезеңіне 61 бүлдіршін қатысып, іріктеу кезеңінен өткен 13 бала облыстық байқауда білімдерін көрсетті. Мектеп алды даярлық сыныбының оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері облысымыздағы қалалардың ішінде жақсы көрсеткішке ие болды. Атап айтсақ, №22 балабақшадан Саша Иван, №23 «Березка» балабақшасынан Әсия Қадырова, №36 «Ақбота» балабақшасынан Нұрасыл Назырбек т.б. тәрбиешілерінің берген білімдерін ақтады. Осы байқауда №5 «Нұрбөбек» балабақшасының тәрбиеленушісі Бексұлтан Ілиясов, №2 орта мектептің оқушысы Диана Субанкулова мен №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің тәрбиеленушісі Даниал Амангелді 2 орынды қанжығалады.

Жақында жүлделі болған осы бүлдіршіндерді №23 «Березка» балабақшасының қабырғасында марапаттау рәсімі өтті. Қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Гүлсім Есмұрзаева зерек бүлдіршіндерді жеңістерімен құттықтап, бағалы сыйлықтарын тапсырды. – Болашақ бүгіннен басталады десек, болашаққа бастар даңғыл жол – білім және білімді ұрпақ екені анық. Білуге, білімге ұмтылған зерек балаларға біз әрқашанда қолдау көрсетуге әзірміз. «Талпынған жетер – мұратқа», демекші, білімнің алғашқы сатыларында талпыныс көрсеткен бүлдіршіндердің қадамына сәттілік тілеймін, – деді Гүлсім Пазылқызы.

Бағдат Қазкенов.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.