Жауапты сыннан сүрінбеуге шақырды

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ұзақ мерзімді Жолдауында жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын ұсынып, Үкімет пен Президент әкімшілігіне қажетті заңнаманы дайындауды тапсырған болатын. Өз Жолдауында «Біз азаматтармен тікелей жұмыс жасайтын және мәселені жергілікті жерде шешетін барлық әкімдерді сайланбалылықпен қамтитын боламыз. Азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды» деген болатын.

Мемлекеттік қызметті жетілдіру, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысының тиімділігін одан әрі жоғарылату, халыққа сапалы қызмет көрсету жауапкершілігін күшейту мақсатында 2012 жылдың 14 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» Заңы қабылданып, ол Заң ағымдағы жылдың 23 наурызында күшіне енген болатын.

Аталмыш Заңның негізінде еліміздегі мемлекеттік қызметті реформалау жүзеге асуда.

Жаңа Заң жобасын түсіндіру, әдістемелік көмек беру мақсатында апта басында Қазақстан Республикасы мемлекеттік істер жөніндегі Агенттіктің Қарағанды облысы бойынша Департаментінің инспекция және бақылау бөлімінің меңгерушісі Берік Ахметов және осы Департаменттің кеңесшісі Айдын Шахмерденов келіп, мемлекеттік қызметкерлермен кездесу өткізді.

Жиынды қала басшысы Асқар Ыдырысов ашып, жүргізіп отырды.

– Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің сапасы мен халыққа қызмет көрсетудің жаңа тың жобалары қолға алынуда. Мемлекеттік орган қызметкерлерінің жұмысына деген жауапкершілік арта түспек. Жаңа Заң жобасының аясында мемлекеттік қызмет лауазымына үміткер тұлға бұдан былай мемлекеттік аттестациядан өткеннен соң ғана осы салада еңбек етуге құқылы, – деді Берік Мұхамеджанұлы.

Заң жобасына сәйкес толықтырулар мен өзргерістерді А.Шахмерденов жиналғандарға түсіндіріп өтті.

– Енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің 3 санаты көзделген. Олар – саяси мемлекеттік қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері және «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері.

Саяси мемлекеттік қызметшілер қатарына жергілікті деңгейдегі облыс әкімінің және орынбасарларының, облыстық әкімшілік орталығы болып табылатын қала әкімінің лауазымдары жатқызылған.

«А» корпусына облыс аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдерінің, облыстық тексеру комиссиясы төрағасы мен мүшелерінің лауазымы енгізілген. Қалған барлық мемлекеттік қызметшілердің лауазымы «В» корпусына жатады.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке араласамын деген әрбір азамат алдын-ала тест тапсырып қоюы керек. Егер тестілеу барысында межелі шектен жоғарғы баға алса, оған арнайы сертификат тапсырылады. «В» корпусына үміткерлер мемлекеттік тілді меңгеруге арналған сұрақтар мен логикалық тесттерден бөлек, төмендегі Заңдар бойынша сұрақтарға жауап береді және осы Заңдарды білу қатаң ескеріледі. Олар – «Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы», «ҚР-ның Президенті туралы», «ҚР-ның Парламенті және оның депуттатарының мәртебесі туралы», «ҚР-ның Үкіметі туралы», «Конституциялық заңдарын», «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» тест сұрақтарына жауап береді. Нормативтік-құқықтық актілер бойынша қойылған 15 сұрақтың 10-ы дұрыс болған жағдайда мемлекеттік қызметке өту үшін үміткердің сенімі ақталды деп тануға болады , – деді кеңесші.

Жауапты сәтте сыр бермеуге шақырған Департамент өкілдері аралық тесттерден өту алдағы үлкен сынаққа көп пайдасын әкелетінін жеткізді.

Жиын барысында қала басшысы Департаменттің инспекция және бақылау бөлімінің меңгерушісі Б.Ахметовке аралық тесттен (пробный) өту үшін қызметкерлердің облысқа ат арытып бармай-ақ, осы қаладан өтуіне ықпал жасасаңыз деген ұсынысын білдірді. Жауапты өкіл бұл сұрақ алдағы уақытта қаралатынын жеткізді.

Отырысты қорытындылаған Асқар Абылайұлы мемлекеттік қызметкерлерге жауапты сында сәттілік тіледі.

Бағдат Қазкенов.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.