Кен қопарған Кентаевтар әулеті

Шахта – ауыр қол еңбегі, тасты ұңғып кен алу. Бұл үрдіс жеті қат жер астында жүріп, ел ырысын байытудағы кеншілердің ешнәрсемен өлшенбес тағдыры. Тағдырын шахтамен байланыстырып, тынымсыз еңбек еткендердің арқасында Арқаның жазық даласында ұлы академиктің есімін иеленген кеншілер мекені – Сәтбаев қаласы өсіп-өніп, гүлденіп келеді. Қаланың да тағдыры осы кен өндірумен тығыз астасып жатыр. Оның алғашқы құрылысы, даму кезеңі, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсуі оның көз алдында өтті.

Кен өндірудің майын ішкен майталман маман атақ-дәрежені де осы кеншілердің құтты мекенінде иеленіп, кеншілердің үлгі тұтар ұстазына айналды.

Қатпар-қатпар тастардан тонналап мыс өнімін алған оның қара күшіне қарап ел оны екінші Қажымұқан атап кетті. Оның көзін көргендер «Қазекең ерекше болмысты, еңбекке төзімді жан еді», деп еске алады.

Қарт Ұлытаудың баурайында 1936 жылы дүниеге келген Қазымхан Кентаев ғұмырының соңына дейін Жезқазған шахталарында кен қопарып, еңбектің қандай болатынын кейінгі буынға көрсетіп кетті. Әкесі Кентай Смайлов та Ұлытау төңірегіне аты мәлім шопан болатын.

1953 жылы еңбек жолын Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасында забой тазалаушылар бригадасында бастайды. Бригададағы сайдың тасындай іріктелген жігіттерге басшылық жасайды. 1968 жылы сол кездегі көне шахталардың бірі – «Кресто Запад», №44 шахталарда еңбек етеді. Жаңа технологиялар кенішке енді еніп жатқан тұста, алып күштің иесі сол технологиялардың тілін бірден үйреніп, қол перфораторы және скреперлік лебедкада емін-еркін жұмыс істейді. Басшылықтың назарына оның осы бір қасиеті ілігіп, оны тазалаушылар бригадасының бастығы дәрежесіне дейін жоғарылатады. Дәл осы тұста оның еңбегіне деген құрмет те арта түскен. Осы шахтада еңбек етіп жүргенде Компартия қатарына қабылданады. Еңбектегі екпінділігі үшін жоғарғы марапаттарға ие болады. Алғаш рет «Еңбек Қызыл Ту» орденін омырауына тақса, 1971 жылдың 30 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының ұйғарымымен сегізінші бесжылдықтағы еңбектегі үздік табыстары үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріледі. Оның омырауына бұл жоғарғы марапаттан бөлек, «Ленин» ордені мен «Орақ пен Балға» Алтын медалі қоса тағылады. Оның мұндай дәрежеге жетуіне басқарып отырған бригадасының бекітіліп берген жоспар мен социалистік міндеттемеге қосымша мыс кенінің жүздеген тоннасын жер бетіне шығарып, бесжылдықта кентаевшылардың жоспарды мерзімінен бұрын орындап шығуы болатын.

Қ.Кентаевты облыс коммунистері СОКП ХХV съезі және Қазақстан Компартиясы ХІІ съезіне делегат етіп сайлайды. Бұл съездерде кеншілер атынан сөз сөйлеп, олардың мүддесін қорғауға тырысады.

Еңбек ерлерін шығарған Оңтүстік Жезқазған кенішінде өшпес ізі қалған тау тұлғаның жан-жары, батыр ана Мәриям Кентаева оның еңбектегі қайраткерлігі мен ерлік істерін былай деп еске алады:

– Қазекең нағыз еңбектің адамы еді. Діттеген межесіне жетпей тыным таппайтын. Әділдікті, шыншылдықты сүйетін. Біз 1959 жылы отастық. Қырық төрт жыл бір шаңырақ астында тұрдық. Еліне сыйлы адам болды. Еңбек екпіндісі Қазымхан басқарған бригаданың ол кезде аты дүркіреп тұрды. Еңбегіне сай құрмет пен даңққа бөленді. СОКП-ның ХХІV съезіне тынымсыз еңбегінің нәтижесінде делегат болып барды. Оның бригадасындағы жігіттер де жігерлі болатын. Съездің қарсаңында олар мың тонна мыс рудасын алып, жоспарды артығымен орындап шықты. Бұл 1971 жылдың 15-ші наурызы болатын. Үнемі ұжымның беделін, Үкімет жүктеген міндетті уақытылы орындауды басты назарына қоятын. Тоғыз бала тәрбиелеп, өсірдік. Соның төртеуі ұл, бесеуі қыз. Қыздар әр салада еңбек еткенімен, ұлдарымыз әке жолын жалғады. Тілеу, Байсейіт, Бексейіт, Бақытжан әке салған сара жолмен жүріп келеді. Нұрсейтіміз де әкесінің жолын қуып, біраз жетістіктерге жетіп еді, алайда өмірден ерте кетті. Қазекең балаларын өз ісіне баулып кетті. Балалары да әкенің сол үмітіне көлеңке түсірмей келеді. Бөле-жаратыны жоқ, олар да қызу еңбекті жандары сүйіп тұратындай дәрежеге жетті. Тілеу Солтүстік кеніште аттырушы, Байсейіт «Жомарт» кенішінде техникалық қауіпсіздік бөлімінің басшысы, Бексейіт №65 шахтада проходкашы, ал сүт кенжеміз Бақытжан №67 шахтада бұрғылаушы. Әкенің абырой биігінен көрінген еңбек ұжымында Бексейіт әлі күнге дейін еңбек етіп келеді. Бірнеше жыл қатарынан бригада басқарды. Құрмет тақтасына суреті ілініп, озат кеншілердің қатарында есімі аталды. Алайда, әкелері балаларының өз ісін жалғастырудағы жетістіктерін көзімен көріп, жемістерінің қызығына жете алмады.

Биыл асыл азаматтың өмірден озғанына 20 жыл толды. Елі есіне ала жүрсе Қазекемнің аты да еңбегі де өшпейді. Кезінде қалаға басшылық жасаған Қанат Балмағамбетов оның есімі осы төңіректе атала жүрсін деп, оның атынан көше бергізді.

Ол еңбегінің өтемін ешқашан да талап еткен емес. Тек сол еңбекке адал абыроймен жетуді ойлады. Ұрпағын соған дағдыландырды. «Ел үшін төккен еңбегіңді Үкімет назарынан тыс қалдырмайды» дейтін. Өзінің көзі тірісінде «Волга» автокөлігін тізгіндесе, 1983 жылы еңбегіне қарай басшылар осы отырған коттеджді сыйға тартты.

Кеншілер қаласының дамып, өркендеуінде өлшеусіз еңбегі бар Қазымханның ұрпағы оны үлгі тұтады, мақтанады, – дейді «Алтын алқа» иегері Мариям апай.

Баурайынан ырыс пен құт кетпеген, иіп кетсе қойнауынан мыс саулаған кенді өлкенің даңқты кеншісі Қазымхан Кентаев өмірінің соңына дейін адал еңбектің парқын кейінгілерге үйретіп, өзі шыққан биікке тек еңбек қана жеткізетінін айтудан шаршамаған деседі оның көзін көргендер.

Қазымханның және бригадасының өнімді еңбек еткен жылдары 1970 жылдарға дөп келеді. Бұған дәлел ретінде Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайындағы Сүтемген Бүкіровтың жеке қорында сақталған мына мәлеметті алға тарттық. «1970 жылдың 12 маусымында сегізінші бесжылдықтың жоспарын мүдірмей орындағаны туралы рапорт берді. Ал, мерекелік жылда жоспардан тыс 11420 тонна мыс рудасын өндірді. Бесжылдық ішінде 385 мың тонна мыс рудасын артық беріпті. Орта есеппен бригаданың бір адамға еңбек өнімділігі 13,7 текше метр кен өндірген, яғни, 1,7 текше метр смена сайын артық орындаған деген сөз». Бұл деректен-ақ Қазымхан Кентаев пен оның бригадасындағы кен қопарған кеншілердің тектілігін аңғаруға болады.

Қайсар қазақ Қазымханның өр тұлғалы бітім болмысы, еңбек майданыдағы өлшеусіз еңбегі талайға үлгі-өнеге. Еңбектің өлмес өрнегін салған Қазымхан Кентаев ерен еңбеккерлердің көшін бастап тұр.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.