Облыстық фестиваль

Үлгілі отбастарын дәріптеді «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» ҚР Конституциясының 27 бабы, 1 тармағы. Конституция күнінен арналған іс-шаралар аясында «Бақытты отбасы – мемлекет тұғыры» атты аймақтық фестиваль өтті. Қазақстан Республикасының Президенті «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жартылай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деген болатын. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Адам шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап отбасында ер жетіп, тәрбие алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Үлгілі отбастарының өмірін насихаттау, үлкенге құрмет көрсету және жастарды рухани тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған облыстық фестивальға Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан, Ұлытау ауданынан үлгілі отбастары қатысты. Фестивальдің ұйымдастырушылары «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалы, Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы, Сәтбаев қаласының әкімдігі және «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы болды. Мерекеге шақырылған қонақтарды қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, қалалық мәслихаттың депутаты И.Велиев және «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы М.Құттыбай шығып құттықтады. Осы күні некелері қиылып, отау тіккен жас жұбайларға лента тағып, ескерткіш сыйлықтар табыс етті. Осыдан соң ортаға «Алтын той», «Күміс той», «Раушан той» және «Шыт той» иелері шақырылып, қошемет көрсетілді. Елу жыл тату-тәтті өмір сүріп алтын той иелері атанған сәтбаев қаласының тұрғындары Хамит Кабулов пен Светлана Иманбаева, Жезқазғандық Александр Акулов пен Валентина Акулова, ұлытаулық Қаражігіт Әбдрахмановқа М.Мәдиева мен «Нұр Отан» ХДП Ұлытау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Сүлейменов «Алтын той» лентасын тағып, сыйлық тапсырды. Ширек ғасыр бұрын заңды некеге отырып, бүгінде «Күміс тойға» жетіп отырған сәтбаевтық Мүбарак Байғазиев пен Гүлнәр Байғазиева, ұлытаулық Серік Тәшеков пен Ғайни Хамитова ортаға шақырылып, марапат көрсетілді. Той иелері атынан С.Тәшеков сөйлеп, осындай отбастарын дәріптеп жатқан ұйымдастыру алқасына алғысын жеткізді. Он жыл отау құрып, үш баланы дүниеге әкелген бақытты отбасы Еркінбай Сейітов пен Меруерт Дүйімқұлова «Раушан тойға» кішкентай нәрестелерімен келіпті. Бір шаңырақ астында өмірдің небір емтихандарынан өтіп, бүгінде берік шаңыраққа айналған той иелеріне де құрмет ерекше болды. Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни, 2008 жылдың 28 тамызы күні некеге отырып, шаңырақ көтерген жас отбастары ортаға шақырылып, «Нұр Отан» ХДП Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Каженова мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ж.Аймторин ескерткіш сыйлықтар тапсырды. Бұл «Шыт тойдың» иелері – сәтбаевтық Әсет Еркешов пен Айнұр Құлашова, ұлытаулық Жасұлан Түсіпбеков пен Толқын Әліповаға биыл 1-ші сыныпқа баратын жас жеткіншектер тақпақ айтып, ән жолдады. Конституцияның түйдей құрдасы Қалиева Арайлымды «Жас Отан» жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы Н.Наурызбаев лента тағып, марапаттады. Отбасының ұрпақ тәрбиесіне ықпалы мен әсер күшін ештеңемен салыстыруға болмайды. Отбасы – шағын мемлекет деп бекерге айтылмаған. Осы шағын мемлекетке көрсетілген құрмет мен ізетке шек болмады бұл күні. Той қонақтары мерекенің ұйымдастырушыларына үлкен ризашылықтарын білдіріп жатты. Жаңа бастама, жақсы ой, үлкен іс-шара көздеген мақсатына жетіп, көрермендер көңілінде көп әсер қалдырды. Майра Смағұл.

Комментарии закрыты.