Үнемдеген ұтады

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы он сын-қатердің төртіншісінде – судың тым тапшылығын, оның әлемде және елімізде күрделі мәселеге айналып отырғанын тілге тиек еткен болатын. Қазіргі таңда халықты сапалы ауызсумен қамту және оны үнемдеу мәселесі өткір күйде тұр.

Жақында Жезқазған аймағына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Қарағанды облыстық Департаменті директорының орынбасары Кеңесбай Қозғанбаев (суретте) Сәтбаев қаласында жиын өткізіп, ауызсу мәселесі мен оны үнемдеу жөнінде талқылау болды.

Жиынға Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары М.Нұрланов, мемлекеттік мекемелердің, білім беру ошақтарының, кәсіпорындардың басшылары мен өкілдері, жеке кәсіпкерлер және жылу мен сумен жабдықтау мекемесінің мамандары қатысты.

К.Қозғанбаев қазіргі күні әлемде және елімізде су тапшылығының сезіліп отырғанын, оны үнемдемесе келер он жылдықта ауызсудан тапшылық көретінімізді айтты. – Тіршілік көзін үнемдеуде қазіргі күні еліміз бойынша есептегіш құралдарын орнату қолға алынып жатыр. Жезқазған аймағында бұл жұмыс өте баяу жүруде. Әсіресе, Сәтбаев қаласында бұл жұмыстың нәтижесі аз, – деді.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Сәтбаев жылу мен сумен жабдықтау мекемесінің инженері Игорь Данилов баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі күні қала бойынша 99 есептегіш құралы орнатылған. Оның төртеуі жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Есептегіш құралдарды орнатудың тиімділігін халық арасында насихаттау мақсатында мобильдік тоб құрылған. – Есептегіш құралдардың қазіргі бағасы 12-13 мың теңге. Отыз мыңға таяу абоненті бар кәсіпорын қазіргі күні бұл жұмыстың нәтижелі болуына бар күшін салуда. Оның техникалық құжаттарын заңдастыру, тіркеу жұмыстарын жүргізу кәсіпорынның техникалық бөлімінде жүзеге асады. Халықтың ынта- жігері болған жағдайда ғана бұл жұмыстан нәтиже шығара аламыз, – деді И.Данилов.

К.Қозғанбаев жуық арада жергілікті тұрғын үй коммуналдық цехы мен пәтер иелері коперативі келісімшарт жасасып, бірге жұмыс атқарылуы қажеттігін айтты.

Жиында көтерілген мәселенің төңірегінде Сәтбаевтағы кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы А.Тұрлыбек, қалалық мәслихаттың хатшысы Т.Хмилярчук, «Нұрбөбек» балабақшасының басшысы Ж.Жаппасова өз ойларын білдірді. Олар есептегіш құралдардың қала толығымен таза ауызсумен қамтылмай жұмыс істеуі ұзаққа бармайтынын, сүзгіштердің таттанып қалатынын, суық суды жауып-ашқан сайын ақша алатынын және ол құрылғылардың арнайы мамандары мен лицензиялық құжаттарының болуы қажет деген өткір мәселелерді алға тартты.

Қала басшысының орынбасары М.Нұрланов көтерілген мәселелердің бірі – суық суды ашып-жабу кезінде ақша алу мәселесі толығымен шешілгенін жеткізді.

Отырыс барысында жеке сектордағы үйлерде бау-бақша суаратын арнайы судың жоқтығы айтылып, егерде есептегіш құралдарын орнатса оның қаншалықты пайдасының бар екендігі де көтерілді.

Жауапты мамандар шынында да бұл мәселенің қазіргі күні өткір күйде тұрғанын айтты.

– Еліміздегі тарифтік саясат бойынша Жезқазған және Сәтбаев қалалары төменгі бағаны ұстап келеді. Алда-жалда көп кәсіпорындар бағаны шарықтатып жіберетіндей болса, халықтың қалтасын қағатыны жасырын емес. Сондықтан да қазіргі күннен бастап, есептегіш құралдарды орнатып, өзің жұмсаған көлемде ғана төлем төлеуге дағдыланған жөн, – деді Кеңесбай Ғазизұлы.

Жиынды қорытындылаған Департамент өкілі жұмыстардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асуын, нәтижелі жұмыстардың көрсеткіштері жуық арада болуын талап етіп, жауапты тұлғаларға тапсырма берді.

Комментарии закрыты.