Аула клубтарының қатары толықты

20130614_02_1Қазіргі таңда елімізде бұқараның спортпен шұғылданып, денсаулық-тарын нығайта түсу басты бағыттың қатарында тұр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында әлеуметтің спортты серік етуі үшін барлық жағдайдың жасалу қажеттігін айтқан болатын. Әсіресе, типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде аулалық нысандарға баса көңіл аудару қажет екендігін ескертті.

Соңғы үш жылдың ішінде қала бойынша 5 аула клубы жастардың спорт пен шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беріп келеді. Жақында олардың қатары тағы екі нысанмен толықты.

«Қазақмыс» корпорациясы технологиялық колледжі ұжымының бастамасымен «Болашақ» және мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету орталығында олардың шығармашылық қабілеті мен спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Үміт» аула клубы ашылды.

Нысандардың ашылуына қала басшысы Асқар Ыдырысов, орынбасары Марал Мәдиева қатысты.

Әуелі қала басшысы технологиялық колледжде есігін айқара ашқан аула клубында болды. Ашылу салтанатына жиналғандарды Асқар Абылайұлы құттықтап, клубтардың жұмысына сәттілік тіледі. – Спортты, шығармашылықты дамытудағы бірден-бір тетік болар осындай шағын орталықтардың бой көтеруі жастардың құштарлығын оятып, серпін беретіні ақиқат. Осы мүмкіндікті жастар құр жібермей, ашылып отырған клубтарда жаттығуға ынталы болуы керек, – деді қала басшысы.

Одан кейін колледж басшысы Е.Букашкина қала басшылығына өздерінің бастамаларына қолдау білдіргені үшін ризашылығын білдіріп, студент жастар мен жалпы қала жастарын осы аула клубында жаттығуға шақырды.

Салтанатты лента кесу рәсімінен соң, жиналған көпшілік шағын клубтың ішін аралап көрді. Арнайы жабдықталған жаттығу залынан басқа да бөлмелер талапқа сай жабдықталған. Мұнда спорттық үйірмелерден қазақша күресті дамытуға ден қойылып отыр. Клубта сондай-ақ, шығармашылықпен айналысамын деп ниеттенген жастарға ән, би үйірмелері жұмыс істейді. Мұнда ұлттық аспапты дәріптеуге баса көңіл аударылған. Қамбар Файзоллаұлы жетекшілік ететін домбыра үйірмесінің өнерін тамашалаған көпшілік олардың өнеріне тәнті болды. Қала басшысы А.Ыдырысов өз кезегінде жастардың талабына қолдау көрсетіп, Құрманғазының «Адай» күйін күмбірлете шертіп берді.

Шаһардағы мүмкіндігі шектеулі балалардың үмітін оятып, олардың өмірге бейімделуіне көп үлес қосып келе жатқан көмек көрсету орталығындағы «Үміт» аула клубының ашылуына қатысқан қала басшысы бастаған топ балалардың осы аула клубында денсаулықтарын нығайтып, жаз мезгілін әртүрлі үйірмелерде өткізуге шақырды.

Ата-аналар да бұл орталықтан осындай қосымша клубтың ашылғанына ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұл аула клубында қолөнер, би, ән үйірмелерімен қатар спорттық үйірмелер жұмыс жасайды. Алдағы уақытта клуб өз жұмыстарын жандандыра түспек.

Осы күні кешке қала әкімі Асқар Ыдырысов Абай көшесі 87-89 үйлердің ауласында орналасқан ойын алаңында болып, тұрғындарды ел игілігі үшін жасалған іске жанашырлықпен қарауға шақырды.

Салтанат барысында жиналған жұртшылық концерттік бағдарламаны тамашалап, балаларға қала әкімі атынан балмұздақ таратылды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.