Ядролық қаруды таратпаудағы біздің белсенділігіміз

Қазіргі уақытта ядролық қарусыздандыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ядролық қаруды қолдану немесе оны сынау адамзат пен әлемге қауіп төндіріп, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің бұзылуына әсерін тигізуде. Тарихтан белгілі, қазақ жері 1949 жылдан бері ядролық сынақтардың алаңына айналды. Ал, 1963 жылдан кейін бұл жарылыстар Семей жерінде жер астында жүргізілді. Сынақ алаңына жақын орналасып жатқан аудандарда бала өлімі мен өлі туғандардың саны күрт өсіп, ақыл-есі кем нәрестелер дүниеге келуде.

Ел тәуелсіздігін алған тұста ядролық қаруды сынауға қарсы белгілі қоғам қайраткері О.Сүйлейменовтың жетекшілігімен құрылған «Невада-Семей» қозғалысы Семей жерінде аузынан ажал отын шашқан сынақтарға тойтарыс берді. Жарты ғасырға жуық сынақ алаңына айналған қазақ жерінде 500-ге тарта сынақ жүргізілсе, жоғарыда атап өткен қозғалыстың нәтижесінде 1989 жылдың өзінде жоспарланған 18 сынақтың 11-не тыйым салынды.

Ал, Елбасы Н.Ә.Назарбаев билік басына келген 1991 жылы Семей полигонын жабу жөнінде Жарлыққа қол қойды. Бұл біздің ядролық қаруды таратпаудағы және оны сынамаудағы бірінші жеңісіміз болатын.Сынақтан зәре-зап болып, денсаулықтары сыр берген семейліктерге Елбасы бастамасымен көмектер беріле бастады. 1992 жылдың 18-ші желтоқсанында «Семей ядролық сынақ алаңында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды қорғау туралы» Заң қабылданды.

Сөйтіп, қазақ жерінде ядролық сынақтар сейіліп, оларды шекарамызда қолдануға тыйым салынды. Бейбітшілік пен тұрақтылықты басты бағыты ретінде ұстанып отырған еліміз әлем бойынша ядролық қаруды тарату және оны жару сынды үдерістерге мораторий жариялау қажет деп санайды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев былтырғы жылы Астанада өткен ірі халықаралық парламенттік конференцияда ядролық қаруға сынақ жүргізуге тыйым салатын, соңында ядролық қаруды толық жоятын жаһандық қоғамдық қолдауға қол жеткізу мақсатында «АТОМ» жобасының іске қосылғанын жария етті. Бұл жоба Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа бастамасы болатын.

Осы конференцияда Президент ядролық қаруға қарсы күресте бүкіл әлемді бірігуге шақырды.

Тұтастық, қауіпсіздік – бұл қазақстандықтардың бейбіт өмірдегі тілегі. Осы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда елдің ынтымағын қашыратын ядролық қаруды сынау және оны тарату сынды әрекеттерге қазақстандық азаматтар толықтай белсенділікпен атсалысады.

Бүгінгі таңда қазақ елінің ядролық қаруды таратпау режимін ілгерілетудегі белсенділігі әлем назарын өзіне аударып отыр.

Света Кенжегозина, №1 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі.

Комментарии закрыты.