Қазақ келіншегінің өжет қимылы

Сәтбаев қалалық төтенше жағдайлармен айналысатын бөлімнің анықтаушысы, өртке қарсы қызмет капитаны Болатбек Қалибекұлы Мырзатов біздің редакцияға келіп, қаламызда өртке қатысты бір оқиға жайында айтып берді: – Осы жылдың 24 тамызында академик Қ.И.Сәтбаев даңғылында орналасқан 119-шы үйдің 5 қабатындағы балконда өрт шыққан. Өртті екі кішкентай бала сөндіруге тырысып жатады. Бұл үй қала орталығында, адамдардың көп жүретін көшесінде орналасса да көшедегі өтіп жатқандардың ешқайсысы балаларға қолұшын беруге асықпайды. Сол мезетте осы көше бойымен жанында бір бойжеткен бар жас келіншек өтіп бара жатады. Өртті көрісімен келіншек ойланбастан өрт шыққан пәтерге көтеріліп, жанталасып жатқан балаларға көмекке келеді. Оларды балконнан алып шығып, өртті сөндіруге кіріседі. Көршілердің есіктерін қағып, өрт сөндірушілерді шақыртқызған. Өрт сөндіру қызметкерлері келгенде негізінен өрт сөндіріліп, тек бықсып жатқан екен. Қазір өрттің шығу себебі анықталуда. Міне, осылай қазақтың келіншегінің өжет қимылы арқасында балалар аман қалды, өрттің өршуіне жол берілмеді. Мен осы келіншектің аты-жөнін атағым келеді. Ол – Гүлзипа Молдаханқызы Иманбердиева. Сәтбаев қалалық жылумен, сумен қамтамасыз ету кәсіпорнының кадр бөлімінде еңбек етеді. Төтенше жағдайлармен айналысатын бөлім атынан Гүлзипа Иманбердиеваға алғысымызды білдіріп, осындай өжет, мейірімді жандардың ортамызда көп болғанын қалар едік. Қиын жағдайларда қолұшын беруге дайын тұратын Гүлзипа сияқты жандардың мерейі өсе берсін демекпіз. Жазып алған Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.