Сақтық шаралары пысықталды

Дүйсенбі күні қала әкімінің орынбасары Марат Нұрлановтың төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде білім беру мекемелерінің төтенше жағдайларды алдын алудағы мәселелері сөз болды. Соның ішінде өрт қауіпсіздігін болдырмаудағы сақтық шаралары пысықталды.

Жиынға Сәтбаев қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ербол Байғазиев, білім беру мекемелерінің басшылары мен комиссия мүшелері қатысты.

Талқыға түскен мәселе бойынша Е.Байғазиев баяндама жасады. – Биылғы жылдың наурыз және мамыр айларының аралығында қаладағы білім беру мекемелерінде өрт қауіпсіздігін алдын алу іс-шаралары бойынша тексеріс жұмыстары жүргізілді. Тексеріс барысында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаған оқу орындары, мектепке дейінгі білім беру мекемелері және әлеуметтік маңызды нысандар анықталды. Он үш тұлға жауапкершілікке тартылды. Жыл басталғалы бері бұл ошақтарда өрт қауіпсіздігі тіркелген жоқ. Алайда, өрт қауіпсіздігін ескерту және оны сақтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Бүгінгі таңда білім ошақтарында бұл мәселе толықтай шешілмей отыр, – деді баяндамашы.

Одан кейін қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова сөз алып, төтенше жағдайларды алдын алудағы жұмыстардың үздіксіз жүргізілетінін тілге тиек етті. Шынар Қаппасқызы осы тұрғыда бөліммен бірлесіп оқу-жаттығу семинарлары өткізіліп тұрса деген ұсынысын да жеткізді.

Бөлім басшысы бұл ұсыныстың құптарлық жағдай екенін айтты.

Жиынды қорытындылаған М.Нұрланов білім ошақтарындағы өрт қауіпсіздігін басты назарда ұстауды тапсырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.