Талайдың өнерін шыңдап, бабын тапқан

20130621-06-1-1Жастардың өнердегі жолын шыңдап жүрген қаламыздағы Оқушылар Сарайына осылай деп баға берсек сірә, қателесе қоймаспыз.Өнерді таусылмас азық, жұтамас байлық деп ұғынған халқымыз өнерлі жан көрсе қолдау көрсетіп, қошеметтеп жатады. Іргетасы 2000 жылы қаланып, қаламызда өтетін іс-шаралардың басы-қасында жүретін бірден-бір өнер ордасы қаламыздың 40 жылдық мерей тойының қарсаңында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында есеп беру концертін өткізді.

«Өнерлі балдаурен» деген тақырыпта өткен кештің шымылдығын «Сәтбаев балғындары» барабаншылар тобы ашты. Хордың орындауындағы «Оқушылар Сарайының» әнұранынан соң, мерекелік ән шашулар рет-ретімен көрерменге жол тартты. Қазіргі күні 1308 баланы қанатының астына алып отырған Сарайда алпысқа тарта үйірме жұмыс істейді. Әр үйірменің оқушылары осы кеште өнерлерін ортаға салды. Назира Ибрагимова, Данияр Әбілқасым, Ақмоншақ Махамбет, Дарын Төлеубек, Салтанат Серкебаева, сондай-ақ, Құрманғали Ташетовтың жетекшілігіндегі гитарашылар ансамбілі, домбырашылар триосы әуелете ән шырқаса, «Балбұлақ» ансамблі күмбірлете күй тартты. «Лашын», «Балауса», «Қызғалдақтар» би топтарының ұл-қыздары бұрала би биледі.

Қосымша білім берудің көзіне айналған оқу орнында ағылшын тілін меңгерту жақсы жолға қойылған. Бұл үйірменің балалары «Қызыл тауық», экологиялық бағытта жұмыс жасайтын үйірменің тәрбиеленушілері «Орман көмек сұрайды!» қойылымдарын жиналғандарға әсерлі жеткізді. Ал, сән үйірмесінің қыздары заманауи үлгіде тігілген киім үлгілерін ұсынды.

Кеш шымылдығы осы Сарайдың «Жігіттер» тобының орындауындағы әр жанрдағы әсем әнмен жабылды.

Кеш соңында қалалық әкімдік жанындағы әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева өнер ордасының ұжымына шығармашылық табыс тілеп, жастардан мол ізденіс күтетінін айтты. Қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ш.Жанасылованың Алғыс хатын Оқушылар Сарайының басшысы Г.Сансызбаеваға тапсырып, білім ошағының алар асуы аласармауына тілектестігін білдірді.

Айта кету керек, бұл Оқушылар Сарайы талайды баптап, өнер бәйгесіне қосқан шеберхана. Сол шеберханадан шыққан көптеген жастарымыз еліміздің мақтанышына айналды.

Бағдат Қазкенов.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.