Алар асуы алда

20130621-05-2Қылмысты жедел іздестіру саласы шым-шытырыққа толы жұмыс екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Түн ішінде тыныш ұйықтап жатқан жерінен оқиға орнына жедел аттанып кететін кездер де аз емес. Шығатын жерің қала сырты ма, көршілес көше ме, поселкенің түкпірі мен немесе маңы ма бәрібір, ең маңыздысы сенің көмегіңе аса мұқтаж адамдардың тағдыры. Осындай саланы таңдаған бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Жезқазған поселкесіндегі полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Берік Скендр.

Берік бала кезінен жедел қызмет жайын армандайтын. Ол арманына жету үшін 2004 жылы Сәтбаев қаласындағы криминалдық полиция бөлімінде қызметке орналасты. Бірнеше жылдан бері осы поселкелік бөлімшенің жедел уәкілі болып жұмыс істеп келеді. Ішкі істер органындағы жұмысқа жүрек қалауымен келген ол қызметінде тыныштықты білмей, әрдайым қарбаласта жүреді.

Шым-шытырық қылмыстық оқиғалардың бетін ашу үшін жедел уәкілдерден не талап етіледі деген біздің сауалымызға Берік Самарқанұлы байыппен жауап берді.

–Ең алдымен үлкен ыждаһаттылық керек. Білімі, тәжірибесі болу маңызды. Ал, жалпы, қандай оқиға болсын, әйтеуір бір ізге түсерлік жіптің ұшы шығары анық. Ол үшін оқиға болған жерді өте мұқият қарау, ұсақ-түйек екен демей қандай айғақ зат болса да айрықша назар аудару қажет.

Беріктің әңгімесін тыңдаған сайын қылмыстық істі іздестірушілердің қиын да, қызықты жұмыстары жайында біршама мағлұмат алуға болады.

–Бұл саланың маманына асқан төзімділік, табандылық қажет. Қандай да бір қылмыстық істі ашқаннан кейін адам бір мойныңнан ауыр жүк түскендей жеңілденіп қалады. Бұл кәсіби борышың, міндетің. Соны түсініп, өз ісіңе беріліп жұмыс істеу керек. Сонда ғана еңбегің нәтижелі болады, – дейді жас маман.

Иә, өз ісіне мығым жас маманның бізге айтары аз емес сынды. Өзінен гөрі әріптестері жайлы айтқанды ұнататыны байқалып тұр. Онысына ішіміз жылып қалды. Ал, жас жігіттің алар асуы әлі алда екені сөзсіз.

Комментарии закрыты.