Ізгі істер апталығы

Ізгі істер апталығы қала күніне арналып, қайырымдылыққа бағытталды Осы аптада мысты өңіріміздің көркем де көрікті шаһарларының бірі кеншілер қаласы өзінің 36 жылдық туған күнін атап өтеді. Қала тұрғындары үшін айтулы мейрам қарсаңында «Нұр Отан» жастар қанаты қала күніне өзіндік сый дайындаған екен. Жастар қанатының бастамасымен қалада «Ізгі істер апталығы» өтуде. Аталмыш апталықтың мақсаты және іс-шара аясында өтетін жұмыстар жайлы апта басында ұйымдастырушылар көпшілікті таныстырып, арнайы жиын өткізген болатын. «Жас Отан» жастар қанаты мен «Болашақ» балалар мен жасөспірімдер ұйымы, қалалық білім бөлімі, қала әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімі, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бірлесіп ұйымдастырған апталық жастарды ұлтжандылыққа, қайырымдылыққа және ізгілікке тәрбиелеуді көздеді. Жастар қала күні қарсаңында ең алдымен көмекке мұқтаж жандарға нақты жәрдем көрсетіп, қалаға сүйіспеншілігін жарқын істерімен көрсету ниетте екен. Акция 7 қыркүйекте бастау алып 12-іне дейін жалғасады. Апталықтың әр күні нақты бағытта өтеді. Мәселен, апталықтың бірінші күні «Ашық жүректер күні» деп аталды. Бұл күні сағат 12.00-ден 18.00-ге дейін жасөспірімдер ашықтықтың, мейірімділіктің белгісіндей қағаздан қиылған «жүректерді» қала тұрғындарына таратып, апталықты қолдауға шақырды. «Сыпайылық күні» жастар халық көп шоғырланған жерлерге, қалаішілік автобустарға сыпайы болып, көрегендік танытуға шақыратын плакаттар мен стикерлер жапсырды. «Қамқорлық күні» ұйымдастырушылар балалар үйлерінде, мүмкіндігі шектеулі балалар орталығында болып, «Қала күні құтты болсын!» атты концерттік бағдарлама сыйламақшы. «Тазалық күні» «Жастар таза қала үшін» атты экологиялық сенбілік өткізіп, жастар қалада тазалық шараларын іске асырады. «Сыйластық күні» аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жалғызілікті қарттарға нақты көмек көрсетіледі. Көмекке зәру жандардың үйінде болып, жасөспірімдер қарттарға үй шаруашылығына көмектеседі. Апталықтың жабылуы салтанатты түрде өтіп, іс-шараға белсенді қатысқан жастар сыйлықтармен марапатталады. А.Құлашова.

Комментарии закрыты.