Кенді қалашықтың қауіпсіздігі үшін

20130621-05-1Үлкен Жезқазған өндірісі жайлы әңгіме қозғала қалса ауызға ең алдымен алынатыны – Жезқазған поселкесі. Ел «Рудник» деп атап кеткен осы шағын қалашық бүгінде әлемдегі ондықтан ойып орын алған «Қазақмыстың» қарашаңырағы десек болады. Міне, осы «Өндіріс ошағы» дейтін үлкен дәрежеге ие қалашықтың қазіргі таңдағы тыныштығы мен қауіпсіздігін, қоғамдық тәртібін құрамында 13 қызметкері бар шағын бөлімше қадағалайды. Полиция қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында біз осы бөлімшеде болып, оның тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

–Жеке құрамды жас, жас болса да жұмысқа белсенді және өз жұмыстарын сүйе білетін азаматтар құрайды, – дейді бізді қарсы алған поселкелік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Әбдіқадыр Айдарқұлов.

–Қылмыстың артуы көбіне әлеуметтік факторларға байланысты. Ал, оның алдын алуға бәріміз атсалысуымыз қажет. Негізінен қылмыстың көбі түнгі сағат 12-ден кейін басталады. Бір қуаныштысы биыл біздің аймақта ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері болған жоқ. Жыл басынан бері поселке аумағында 40 қылмыс түрлері жасалынып, оның 21-і ашылды. Мұның ішінде 7 қылмыс біздің өз қызметкерлеріміздің күшімен ашылды. Қалған қылмыстарға Сәтбаев қалалық ішкі істер бөліміндегі әріптестеріміз жәрдем берді. Бүгінгі күні пәтер ұрлығы, мүліктерді ұрлау көбейіп тұр. Біздің поселкенің аумағына негізінен «Қазақмыс» корпорациясына қарасты өндіріс орындары шоғырланған ғой. Сұғанақ қолдылар осы кәсіпорындардың мүлкіне де қол салады. Олардың көбі ашылып жатыр, – дейді Әбдіқадыр Жаппарқұлұлы.

Өмір-дерек: Әбдіқадыр Айдарқұлов 1999 жылдан бері ішкі істер органында қызмет етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын Жезқазған қаласында тергеуші болып бастаған ол кейін кеншілер қаласына тергеуші болып ауысқан. Осы салада ол аға тергеуші, тергеу бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Өзінің кәсіби біліктілігін шыңдау мақсатында жедел кезекші қызметінде де бірер жыл жұмыс істеп тәжірибе жинақтады.

Өз ісіне мығым азаматқа сенім артқан қалалақ ішкі істер бөлімінің басшылары Әбдіқадырды 2010 жылы поселкелік бөлімше бастығы етіп тағайындады.

– Біздің бөлімшенің жігіттері өткен жылғы тестлеуден де ойдағыдай өтті. Сыннан сүрінген ешкім болған жоқ. Қайта, өздерінің іскерлігімен, біліктілігімен көзге түсті, – деп марқаяды полиция майоры.

Оның айтуынша поселкеде қылмыстың алдын алу бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Бұған қалалық ішкі істер бөлімінің басшылары мен поселкелік әкімдік те қолдан келгенінше көмектерін жасауда. Профилактикалық жұмыстарға корпорацияның «Қорғау» күзетінің қызметкерлері де тартылған. Осылайша кенді қалашықтың қауіпсіздігі үшін үлкен жұмыстар жасалынуда.

Комментарии закрыты.