Қазақстан – 2030

Болашақ спорт жұлдыздарын баптауда Кеншілер қаласының спортшылары берісі облыс, әрісі тұтас еліміздің, тіпті кейбірі алыс-жақын шет елдердің спортсүйер қауымына жақсы таныс десек әсіре сілтегендік болмас. Жалғыз ғана талай республикалық, халықаралық додаларда топ жарып, қазақ елінің намысын асқақтатқан Алмас Асановтың өзі неге тұрады?! Қашан да тек жеңіс тұғырынан көрінген әйгілі спортшы Асановтың жолын қуған мықты спортшылар қазір де аз емес. Сондай жас спорт жұлдыздарына жол сілтеп, шеберліктерін шыңдайтын бірден-бір орын – қалалық жасөспірімдер мен балалар спорт мектебі. Жақында ғана жөндеуден өтіп жаңарып қалған мектепте тағы нендей жаңалық, жетістіктер бар деп таяуда мектеп басшысы Бауыржан Абылаевқа жолыққан болатынбыз. – Бауыржан Серікбайұлы, алдымен спорт мектебінің тыныс-тіршілігімен таныстырып өтсеңіз. Жалпы қанша бала қандай спорт түрлері бойынша дайындалады? Қанша бапкер жасөспірімдерді жаттықтырады? – Мектебімізде 800-ге жуық балалар мен жасөспірімдер әртүрлі спорт түрлерімен айналысады. Атап айтсам, бокс, дзюдо, грек-рим күресі, самбо, қазақша күрес, волейбол, баскетбол, каратэ, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлеріның қыр-сырына қанығып жүр. Жастардың шеберліктерін шыңдап, біліктілігін арттыру жолында он бес жаттықтырушы жұмыс істейді. Бұл ретте жалпы спортта қандай да жетістіктер бірден келмейтінін, үлкен спортқа жол баланың көкірегінде оянатын алғаш қызығушылықтан басталатынын айтқым келеді. Ал сол алғашқы ұшқынды сөндіріп алмай, баланың ынтасын арттыру, қолдау, шеберлікке үйрету үшін біздің бапкерлер уақытпен санаспай еңбектеніп жүр. – Ағымдағы жылдың сегіз айы артта қалды. Соңғы бір-екі жыл көлемінде көңілге қонымды жетістіктер болды ма? – Әлбетте. Бізді биіктерге жетелеп, қанаттандыратын да сол жетістіктер ғой. Соңғы уақытта біздің шәкірттер ауыз толтырып айтатын нәтижелер көрсетті. Мысалға айтар болсам, Алмас Төлеубергенов 46 салмақ дәрежесінде Астанада өткен бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатында топ жарып, І орын мен алтын алқаны жеңіп алды. Бұл жеңіс оған Қазақстан құрама командасына еніп, Венгриядағы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік берді. Тағы бір жас былғары қолғап шебері Мадияр Жанұзақов Атбасарда өткен ел чемпионатында І орын және алтын медальға ие болып, чемпион атанды. Мадияр осы жеңістен соң Якутияда өтетін Азия біріншілігі саналатын «Дети Азии» үлкен спорт додасына жолдама алды. Дзюдодан Теміртау қаласында өткен ел чемпионатында бақ сынаған Елдос Қайсар ІІІ орын иеленіп, қола жүлдегер атанды. Қазір Елдос Ресейде, Магнитогорск қаласында өтетін халықаралық турнирге дайындық үстінде. Нұрсұлтан Түшенов те грек-рим күресінен республика чемпионатынан қола жүлдемен оралды. Биылғы жылы спорт мектебінің бапкерлерін әсіресе, самбошы қызымыз бен каратэшыларымыз қатты қуантты. Самбомен айналысып жүрген шәкіртіміз Кенжезару Қашқынова Жезқазғандағы республика чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ізінше жас спортшы Ташкентте өткен Азия чемпионатында бақ сынап, қола жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Бүгінгі күні Кенжезару қазанда Болгарияда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жүр. Екі шәкіртіміз – Арман Әлмағанбетов пен Фархат Нұрдәулетов каратэден Душанбеде өткен Азия чемпионатында оза шауып, әрқайсысы өз салмағында бас бәйге – І орын мен оралды. Айта берсе жетістіктер аз емес. Бір сөзбен қайырғанда бапкерлердің, жанкүйерлерінің мерейін үстем етіп жүрген жастар баршылық. – Ал осы жастарды қолдау жағы қалай? Спорттық жарыстар алдында демеуші табылады ма? – Шынына келгенде көбіне-көп дарынды спортшылар қарапайым отбастарынан шығады, сондықтан оларға кез-келген жарыс алдында қолдау қажет-ақ. Үлкен жетістіктерге жету үшін қашан да мол қаржы болған дұрыс. Себебі, спортшының белгілі спорт жарысына барып-келуінің өзі өте үлкен шығын. Әсіресе, халықаралық жарыстарға қатысу үшін қалта қалың болмаса жарамайды. Бүгінгі күні спортшыны жолынан қалдырмай әртүрлі жарыстарда тәжірибе алмасуы үшін қолдан келгенді жасаудамыз. Қолда бар қаржыны аямаймыз. Алайда қаражатымыз аз болғандықтан көбінесе демеуші іздеуге тура келеді. Күні бүгінге дейін жас спортшыларға «Қазақмыс» корпорациясы, Сәтбаев қаласының басшылығы, облыстық туризм және дене шынықтыру, спорт басқармасы, қалалық спорт бөлімі қолдау көрсетіп келеді. Осыған ризамыз. – Бауыржан Серікбайұлы, жоғарыда қала абыройын асырып жүрген жас дарындардың жетістіктерін атап өттіңіз. Енді сол балалардың бапкерлерінің есімін көпшілікке жария етсеңіз… – Айтса айтқандай, жеңімпаздар есімі ел аузында жүреді де, бапкерлер тасада қалып қойып жататыны шындық. Ал біздің озат шәкірттеріміздің бапкерлеріне келсек, жастардың жаңа жетістіктері үшін тер төгіп жүрген білікті мамандар жоқ емес. Оның ішінде спорт мектебіне еңбегі сіңген Жандос Төлеубаев, Амантай Байторин, Болат Смағұлов, Владимир Князюк сияқты бапкерлер өз ісінің майталмандары. Жас буыннан Қуатбек Тоқтыбаев, Сұлтан Жұмабек ағаларының ізін басып, жақсы шәкірт тәрбиелеуде. – Тағы да қандай жақсы жаңалықтармен бөлісесіз? – Өзіңіз көріп отырғандай, мектебіміз жөндеуден өтті. Ұзақ жыл жөндеу көрмей азып тұр еді, биыл «Жол картасы» аясында қаржы бөлініп, едәуір жұмыс атқарылды. Мұндай мүмкіндік жасаған қала әкімі Советбек Медебаевқа ұстаздар да, шәкірттер де дән риза. – Болашаққа деп жоспарлаған істеріңіз де бар болар? – Биыл біздің он шәкірт облыстық, республикалық дарынды балаларға арналған спорт интернаттарына оқуға кетті. Болашақта мұндай дарынды спортшылар санын көбейте түспекшіміз.Алда тұңғыш рет жасөспірімдер арасында олимпиялық ойындар өтеді деп күтілуде. Сол үлкен спорт додасына жастарды дайындау ойымызда. Қаражат көбірек бөлінсе материалды-техникалық базамызды күшейту де жоспарда бар. Ал тікелей міндеттерімізге келсек, еліміздің абыройын асырып, қазақ халқын дүйім жұртқа танытатын сайыпқыран спортшыларды дайындау жолындағы жұмысымызды жалғастыра бермекпіз. – Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Айнұр Құлашова.

Комментарии закрыты.