Жастар салауатты өмір салтын қолдайды

20130621-02-2Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 1987 жылдан бастап 26 маусым Дүниежүзілік нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні болып бекітілген. Әлемдік деңгейдегі ауруға айналған бұл дертпен күрес күн өткен сайын күшейе түсуде. Әсіресе, жастар арасында бұл жат қылыққа еліктеушілердің қатарын азайту мәселесі біздің қоғамды да алаңдатып отыр.

Жастардың жат әдеттен бойларын аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануға үндеу мақсатындағы іс-шаралар қаламызда да үздіксіз жүргізіліп келеді. Соның ішінде қалалық емхананың атқарған істері қомақты десек қателесе қоймаспыз.

Жастарды салауатты өмір жолына бағыттайтын ауқымды жұмыстарды жүргізу емхана мамандарының басты міндеттерінің біріне айналған.

Дүниежүзілік нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырып емхана «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында акция ұйымдастырды. Еріктілер жасағынан құрылған жастардың тобы нашақорлықтың қоғам мен адамға әкелер зияны мен кері әсерлерін насихаттап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

– Біздің емхана жастар арасындағы жат әрекеттердің алдын алудағы түсіндіру жұмыстарын әртүрлі іс-шаралармен өткізіп келеді. Әр мекемелерге, білім ошақтарына мамандар барып, дәріс оқып, семинар-тренингтер өткізіп тұрады. Жастардың зиянды заттарға деген көзқарастары бұрынғыдан өзгерген, барлық жастар салауатты өмір салтын серік етуге ұмтылып тұрады, – дейді емхананың денсаулық сақтау бөлмесінің дәрігері Иса Кантеев.

Салауатты өмір салтын насихаттап, жат қылықтан бойды аулақ ұстауға шақырған акция флеш-мобпен жалғасын тапты. Онда жастар заманауи би билеп, қала тұрғындарына есірткінің зияны жөнінде ақпараттар беріп, кітапшалар таратты.

Бағдат Қазкенов.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.