Меншікті тілші – еркін тілші

20130628-07-3-1Әдетте, республикалық басылымдар мен телеарналардың меншікті тілшілері таңертең жұмысқа барып, кешкісін оралатын жергілікті тілшілерден еркіндеу көрінетіні рас. Олардың жергілікті жерде қадірі мен құрметі де артықтау көрінетіні жасырын емес. Десек те, екеуіне ортақ қиындықтар бар ма? Біз облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Ұлытау-Жезқазған аймағы бойынша меншікті тілшісі Жадыра Хангелдіден осы жайттардың анық-қанығын сұраған едік.

–Рас, меншікті тілшінің қасында сәт сайын тексеріп отыратын басшысы болмайды. Уақыт жағынан алғанда, таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін отыру керек дегенді ұмытасың. Осы жағынан келгенде меншікті тілші – еркін тілші. Бұл оның жақсы жақтары десек, жаман жақтары да бар.

Ең бастысы, үнемі жалғыз жүресің, суретті де өзің түсіруің керек, әр тақырыпты мейлінше қамту керек. Ұжымың болмайды. Газетке қатысты сауалдарды саған жолдап жататын кездер болады.

Ал, қадірге келер болсақ, мен журналист екенмін деп ешкімге міндет артпаймын. Өзбек пісірген самсасын қалай өткізеді, мен де жазған дүниелерімді солай өткізуім керек деп ұғынамын. Мені қадірлемеді деп кімге наз айтуым керек?

Мен өзімді жас санаймын, ал менен де жас жігіттер бар, журналист болғылары келеді, бірақ, жұмыстың ауыртпалығы мен алатын жалақы көлемін естігенде, теріс бұрылады. Бірден коттедж алатын, көлік мінетін сала еместігін олар, бәлкім, тез ұғынатын болуы керек.

Қызығы мен шыжығы қатар салада, әрине, журналист алдымен өзін де қорғай білуі қажет. Біздің аймақта журналистерге қөзқарас өзгеше. Жылы қарсы алып, қажет ақпаратыңды тауып беріп жатады. Сынды да дұрыс қабылдайды. Бұл бағытта Сәтбаев қаласын ерекше атап айтар едім. Мұнда кез келген іс-шара жинақы өтеді. Ал, бұл журналистер қауымы үшін ең басты нәрсе.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.