Аймақтық фестиваль-жәрмеңке

Өткен аптаның соңында іргелес жатқан Жезқазған қаласында «Жезқазғанның жұпар қымызы» атты аймақтық фестиваль-жәрмеңке болып өтті. Оған Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау, Жаңарқа аудандарының қымыз өндірушілері қатысты.

Фестивальда кеншілер қаласының намысын Әліп Наурызбаев қорғады. Мұндай үлкен бәсекеге тұңғыш рет қатысқан ол бақауға бал татығын сары қымыз бен түрлі ұлттық тағамдар да дайындап апарды.

Орайы келгенде айта кетейік, фестиваль-жәрмеңкенің шарты бойынша қатысушылар қымыз бен бауырсақтың түрлерін дайындап апарулары қажет-тін. Қазылар алқасы осы тағамдардың дәміне, сапасы мен дайындалу үлгілеріне қарап баға береді.

Биылғы фестиваль-жәрмеңкеге 10 үміткер қатысты. Олардың қай-қайсы болмасын ұлттық тағамдарымызды бабында дайындап, қазылар алқасын біраз қиналтты. Әсіресе, олардың тіл үйірген, бал татығын сары қымыздары бірінен бірі асып түсіп жатты. Ал, қатысушылардың қолынан шыққан бауырсақтың түр-түрін көрген жұртшылық таң қалысты. Өйткені көбінің білетіні бауырсақтың үш-төрт түрі ғана екен.

Жәрмеңке барысында асық ату, жілік сындыру сияқты ұлттық ойындармен қатар, қымыз ішуден де жарыс өтті. Осы жарысқа Сәтбаев қаласынан Аманжол Жаппаров деген азамат қатысып, алты сапар кесе қымыз ішіп үшінші орынды иемденді.

Жалпы, фестиваль-жәрмеңкенің қорытындысы бойынша бас жүлдені жаңаарқалық Айсұлу Шуланбаева иемденсе, бірінші жүлделі орынды Жеңіс ауылынан Кәукен Бақтиярова қанжығасына байлады. Ал, Сәтбаев қаласынан қатысқан қымыз өндіруші Әліп Ахмедияұлы ІІІ-орын алып, арнайы дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.