Қайда барып демаласың, журналист?

Халықпен біте қайнасып, қоғамның тыныс-тіршілігіне түгел араласатын дәл журналистер сияқты мамандық иелері жоқ. Дегенмен күнделікті қарбалас тірліктен бір сәт дамыл тауып, тынығу үшін журналистердің де кезекті еңбек демалысын асыға күтетіні рас. Төл мереке қарсаңында әріптестерге демалысты қалай және қайда өткізетіні жайында сауал тастаған едік. Жауап төмендегідей болды.

Абдолла Дастанов, «Мысты өңір» газеті редакторының орынбасары: «Журналистің демалысының өзі жұмыс»

– Журналист демалмайды. Оның демалысының өзі – жұмыс. Жақында бір әріптесімнен қайда демаласың деп сұрасам, ауылдық жерге барып, мақала жинаймын дейді…

«Қазақ та адам баласы» деп Абай айтпақшы, журналист те адам баласы. Ол да Түркияға, Абу-Дабиге, басқа шетелдерге барып демалғысы келеді. Бірақ, қолы қысқа. Айлығы шайлығына жетпейді. Шерхан Мұртаза айтпақшы, «алтын арқаласа да, жегені жантақ» түйе сықылды қарапайым журналистің еліміздің мықты деген санаторийлеріне баруына да аса мүмкіндігі жоқ. Басқа өңірлерді білмеймін, біздің аймақтағы жағдай солай. Содан кейін ол журналист ауылға барып, мақала жинамай қайтеді…

Журналиске мұғалімдер, дәрігерлер, басқа да мамандық иелері секілді емделуге берілетін бір реттік жәрдемақы да берілмейді, бір жылдық заңды еңбек демалысына берілетін қаржы көлемінің өзі бір айлық ақшасына жетпейді… Оны «жалаңаяқ журналист» жалдап тұрып жатқан пәтерақысына, үйінің жөндеуіне, несиесіне, бала-шағасының киіміне, оқуына… жұмсайды.

 

Ақтоты Тоқметова, «Сарыарқа» газетінің тілшісі: «Өз жерімде демалғанды қалаймын»

20130628-07-1-1– Журналистика саласына жаңадан келгендіктен, алғашқы жылдары жазғы демалыс дегенді білмедім. Кейін, еңбек демалысына шықсымен, алдымен ауылға бардым. Әке-шешемнің қасында аз уақыт аунап-қунап демалдым. Биылғы жылғы демалысымды да туған жерім Қарсақбайдан бастаған болатынмын. Қарағандыда достарыма барып, тынықтым. Достарыммен көңілді уақыт өткіздім. Ыңғайы келсе еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі қасиетті орындарға барып қайтсам деген ой бар. Еліміздің ордасы Астанада тынығу жоспарымда бар. Шетелге саяхаттағаннан өзіміздегі барды бағалаған дұрыс. Мен өз жерімде демалғанды қалаймын. Қай облысқа барсаң да тарихи, мәдени орындар жеткілікті. Рухани байып келуге болады.

 

Айым Бектас, «СТА» телеарнасының тілшісі: «Мен үшін Ұлытау мен Бурабайдан асқан демалыс орны жоқ»

20130628-07-1-2– Менің еңбек демалысына шығуымды өзімнен гөрі отбасымдағылар асыға күтіп жүр. Жыл сайын еңбек демалысына шыққанда отбасыммен бірге Ұлытауға барып демалып қайтатынбыз. Одан қалды жолдас-жоралармен бірге Қарағанды мен Астанаға барып саяхаттаймыз. Биыл еңбек демалысым наурыз айына келген болатын. Бірақ, жұмыс бабымен уақытылы шыға алмадым. Енді құдай қаласа төл мерекемізден кейін демалысымды аламын ба деп отырмын. Алған күні отбасыммен бірге Бурабайға кетуді жоспарлап қойдық. Мен үшін Ұлытау мен Бурабайдан асқан демалыс орны жоқ. Рас, кім шет елдердегі демалысты аңсамайды дейсіз. Бірақ, көрпеге қарап көсілеміз ғой…

 

Жаннұр Тілеміс, «Дидар» телеарнасының тілшісі: «Мен үшін демалыстың үлкені – бала күтімі»

20130628-07-1-3–Мен қазір еңбек демалысында емес, декреттік демалыста жүрмін. Мен үшін демалыстың үлкені – бала күтімі болып отыр. Құдай қаласа үшінші сәбиім дүниеге келеді.

Бұған дейін де еңбек демалыстарымды отбасымен өткіздім. Жолдасым екеуміз балаларымызды қанаттас жатқан қос қаланың ең көрнекті деген жерлеріне апарып, серуендетіп қайтамыз. Кейін, балалар ержеткен соң еңбек демалысымызды дұрыстап өткізетін шығармыз.

Комментарии закрыты.