Құрмет көрсетілді

Өткен аптаның соңында Қазақстан iшкi iстер органдарының қызметкерлерi кәсiби мерекелерiн атап өтті. Айтулы күн қарсаңында онсыз да биіктен көрініп жүрген тәртіп сақшыларының мерейі арта түсті. Қалалық ішкі істер бөлімінің бір топ қызметкерлері қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды…

1992 жылы Қазақстан Республикасы жоғарғы кеңесі «Қазақстан ішкі істер органдары туралы» заңды қабылдады. Бұл қазақстандық полицияның міндеттері мен функцияларын белгілеген тұңғыш құқықтық акт. 2007 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 23 маусым күнін ресми түрде Полиция күні деп бекітті. Осы күннен бастап Қазақстан полициясы өздерінің төл мерекелерін тұрақты түрде атап өтіп келеді.

Айтулы мерекеге қатысты іс-шара өткен аптаның бейсенбісі күні қаламыздағы Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында аталып өтті.

Салтанатты жиында қала әкімі Асқар Ыдырысов ішкі істер бөлімі қызметкерлерін арнайы құттықтады.

– Еңбектеріңіздің өте ауыр екенін түсінеміз, қандай да бір жағдайда халық ең әуелі сіздердің көмектеріңізге сүйенеді, сондықтан да халыққа адал қызмет жасау жолдарыңызда баршаңызға бақыт пен зор денсаулық тілеймін, – деп сөзін қорытындылаған қала басшысы бір топ қызметкерлерге Құрмет грамотасын тапсырды.

Одан кейін, жеке құрамды құттықтау сөз қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Жандос Қарабековке берілді. Құттықтау сөзінде бүгінгі қол жеткізген табыстарды баяндай келе, жеке құрамның бірнеше қызметкерлерін марапаттады.

Туған жер үшін, ел үшін қасық қанын аямайтын ерлер арамызда аз емес. Солардың бірі – құқық қорғау органының қызметкері, жерлесіміз Ғазиз Байтасов.

Тараз қаласында болған үлкен террористік актіге қарсы күресте дұшпандармен арпалысқандардың бірі осы Ғазиз Байтасов еді. Елдің, халықтың тыныштығы үшін қыршын кеткен боздақтың есімі мәңгі ел есінде қалмақ. Салтанатты жиынға жиналғандар бір минут үнсіз тұрып батыр жерлесімізді еске түсірді.

Алқалы жиында қалалық мәслихаттың депутаты Владимир Цой, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, қалалық соттың төрағасы Руслан Мұқатаев, Сәтбаев қаласының прокуроры Серік Назарбеков жеке құрамды төл мерекелерімен құттықтап, қиындығы мол жұмыста табыс тіледі. Сондай-ақ, бірнеше қызметкерлерді Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапаттады.

Мерекелік жиында қаламыздың әншілері мен бишілері өнерден шашу шашып, салтанат сәнін келтіре түсті.

Комментарии закрыты.