Асқар Ыдырысов: «Сіздердің сөздеріңіздің төрешісі уақыт»

20130628-06-1-1Халық арасында төртінші билік атанған бұқаралық ақпарат құралдарының ел өмірінде алатын орны бөлек. Ол өзінің ақиқат сөзімен қоғамымызды жаңа істерге жігерлендіреді. Жақсылықты халыққа тез жеткізіп, әр кез тазалықтың болуын жіті бақылайды. Аракідік ұшырасып қалып жататын кемшілікті қалт жібермей, қоғамымызды сауықтырып отырады. Осындай маңызды сала қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі біздің қаламызда жылда есте қаларлықтай болып өтіп келеді. Бұл күні қалам иелері марапаттарға кенеліп, әкімнің арнайы жүлдесіне ие болады. Осы жарқан іс биыл да өз жалғасын тапты. Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне арнап сейсенбі күні әкімдіктің кіші залында қала әкімі Асқар Ыдырысов қабылдау өткізді. Оған аймағымыздағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистері шақырылды.

Шағын залда аймақтық БАҚ-тардың тыныс-тіршілігі мен журналистердің еңбегінен сыр шертетін бейнефильммен басталған журналистердің кәсіби мерекесін қала әкімі Асқар Абылайұлы құттықтау сөз сөйлеп ашты. Бұқаралық ақпарат құралдарының, журналистер қауымының қоғамдағы орны туралы айта келіп, қала басшысы аймақтағы осы саладағы әріптестік қызметтерге жоғары баға берді. Ақпарат құралдарының күнделікті өмірде қоғамның дамуына, қаланың экономикасының нығаюына елеулі үлес қосып отырғанын атап көрсетті. Бүгінгі таңда аймақтағы атқарылып жатқан қат-қабат шаруаларға тоқталды. Ел бойынша белгіленген индустриялық-инновациялық көшбасшы жобалар біздің қалада да жүзеге асырылуда. Әлеуметтік салаларды жақсартуға, әсіресе, денсаулық, білім беруге айрықша көңіл бөлінуде. Елбасының тапсырмасы бойынша азық-түлік қауіпсіздігін жасауға, ол үшін аймақта ауыл шаруашылығын дамытып, өңдеу орындарын көптеп ашу қолға алынуда. Осылардың бәрі аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары, журналистер арқылы жұртшылыққа жетіп отыр.

Қала басшысы БАҚ-тың осындай ісі, журналистер сөзінің пәрменділігі, ақиқаттығы туралы әңгімелей келіп:

–Бұқаралық ақпарат құралдарының күші – сөзінің шындығында. Әр оқиға туралы олар халыққа жарыса хабарлап жатады. Өкінішке орай, БАҚ-тардың ішінде ақиқатты көзбе-көз қисайтып көрсетуге тырысушылар да кездесіп қалады. Бірақ, ақиқат бәрібір жеңіске жетеді. Сіздердің сөздеріңіздің төрешісі де уақыт. Сол бәрін өз орнына қойып, біздің ісіміздің дұрыстығын көрсетіп жүр, – деді.

Жылына бір айналып келетін журналистердің төл мерекесіне қала әкімі үлкен мән беріп, билік тарапынан оларға сый-сыяпат көрсетіп келгені белгілі. Қабылдау кезінде түрлі ақпарат құралдарында жұмыс істейтін 11 қызметкерге «Кәсіби шеберлігі үшін», «Талапкер» және «Үздік қызметкер» номинациялары бойынша қала әкімінің дәстүрлі сыйлығы тапсырылды. Мәселен, «Кәсіби шеберлігі үшін» номинациясы бойынша «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының меншікті тілшісі Арман Әмен, «Подробности» газетінің тілшісі Маргарита Гринь, «Мысты өңір» газеті редакторының орынбасары Абдолла Дастанов, «Дидар» телеарнасының операторы Айнұр Отарбаева, «Шарайна» газетінің операторы Мәдина Сембаев арнайы дипломмен және 40 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. «Үздік қызметкер» номинациясы бойынша диплом мен 40 мың теңге ақшалай сыйлық «Жезказганская правда» газетінің журналисі Алла Афзаловаға, «Индустральная Караганда» газетінің жарнама бөлімінің меңгерушісі Евгений Боровецке, «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы Ерсін Мұсабековке, «СТА» телеарнасының бейне режиссері Еркеназ Рахымжановаға бұйырды. Ал, «Талапкер» номинациясы бойынша диплом мен 20 мың теңге ақшалай сыйлықты «Шарайна» газетінің тілшісі Бағдат Қазкенов пен «СТА» телеарнасының операторы Ксения Омельновец иемденді.

Мұның сыртында аймақтық БАҚ-тардың бір топ қызметкерлері қала әкімінің Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлығымен марапатталды. Олардың қатарында газетіміздің жарнама менеджері Дүйсенкүл Саринова да болды.

Қала әкімімен болған емен-жарқын қабылдауда «Шарайна» газетінің редакциясы ЖШС директоры Бауыржан Бірманов, «Подробности» газетінің бас редакторы Нина Барбудко, «Мысты өңір» газеті редакторының орынбасары Абдолла Дастанов, «Индустриальная Караганда» газетінің аймағымыздағы меншікті тілшісі Валентин Шипунов, «Дидар» телеарнасының редакторы Света Оңғарбаева сөз сөйлеп, билік пен БАҚ арасындағы қалыптасып отырған әріптестік пен ынтымақ, бірлік туралы әңгімеледі.

Мерекелік салтанатта газетіміздің тілшісі, «Талапкер» номинациясының жүлдегері Бағдат Қазкенов сөз алып, әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, осындай іс-шара өткізіп, құрмет көрсетіп отырған қала әкімі Асқар Ыдырысов пен ішкі саясат бөлімінің мамандарына ризашылық сезімін білдірді.

Салтанатты жиынды қала әкімі Асқар Ыдырысов қорытындылап, ақпарат құралдарының қызметкерлеріне шығармашылық табыс пен шалқар шабыт тіледі.

Міне, сондай қызығы ман қиындығы алмағайып түсіп жататын жұмыстан бір сәт сергітетін осындай мерекеңнің болғаны қандай жақсы. Сол мерекеде арқалаған алтынымыз өзімізге жемісін жегізіп, сыи-сияпатқа бөлеп жатса ол да бір ғанибет. Мереке құтты болсын.

Комментарии закрыты.