Жұмысқа орналасудың тиімді жолы

Өткен аптаның бейсенбісі күні қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. «Мамандықтар жәрмеңкесі» деп аталған жалпыреспубликалық шара «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасын орындауды мақсат етеді. Жәрмеңке еліміздің барлық өңірлерінде бір күнде өтті.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі әдеттегідей салтанатты түрде ашылды. Оның ашылуында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева Елбасының елімізде жұмыссыздықты шектеу мен халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде жасап жатқан қамқорлығына тоқталды. «Осы орайда елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар жасалып, соның шапағатын ел көріп отыр. Бүгінгі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де соның бір парасы», – деді қала әкімінің орынбасары.

Бұл күнгі жәрмеңкеге бос жұмыс орындарын жарнамалау үшін қаланың 9 кәсіпорны мен мекемелері, 2 арнаулы орта оқу орны және қаладағы қоғамдық бірлестіктер қатысты. Олар елдің назарына 112 бос жұмыс орынын ұсынды. Оның 19-ы мұғалімдік, 24-і дәрігерлік мамандықтар. Орайы келгенде айта кетейік, жәрмеңкедегі басты бір ерекшелік – жұмыс беруші жұмысқа қабылданған маманның кәсіби даярлау курстарында оқуына жағдай жасап, ақысын төлейді.

– Осы жолы жұмысқа орналасудың реті келіп тұрған сияқты. Жаңа ғана жол бойындағы жұмысқа жұмысшы ретінде құжаттарымды тіркеттім. Енді он шақты күнде хабарын айтатын шығар. Мен осы жәрмеңкеге достарымды ерте келдім. Олар да жұмыс іздеп жүр. Өткен жолы осындай бір жәрмеңкеде достарымның бірі «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмысқа тұрып кетті. Енді біздер жұмыс тапсақ жақсы болар еді. Екі қолға бір жұмыс табылса, істей беруге келісемін, – дейді өзін Жомарт деп таныстырған жігіт.

Сонымен «Мамандықтар жәрмеңкесінде» тәрбиеші, аспаз, шаштараз, күзетші, ыдыс жуушы, бағбан, жиһаз құрастырушыдан бастап қызмет көрсету саласының барлық мамандық түрлері ұсынылды. Медицина, білім беру салалары да жақсы мамандар іздейді екен. Сонымен қатар, түрлі техникалық мамандықтар бойынша мамандар іздеген кәсіпорын өкілдері сол жерде құжаттар қабылдап жатты.

– Мен көптен бері жұмыс іздеп жүрмін. Бүгін бір реті шығып қалар деген үмітпен келдім. Біз сияқты, жасы 50-ге жетіп қалған адамдар үшін жұмыс табу оңай емес. Бірақ жинаған тәжірибемізді де ескерер деген ойдамын, – дейді Сағынтай Байжанов деген азамат.

Жалпы «Мамандықтар жәрмеңкесіне» 197 жұмыссыз келіп, олардың 39-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Кейбіреулері түрлі мамандықтар бойынша қайра даярлықтан өту курстарына жазылды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.