Қаламгермен кездесу

20130628-04-2-2Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада аймағымызға танымал қаламгер, ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Абдолла Дастановтың оқырмандармен кездесуі өтті. Осы мәдени ошақтың ұжымы ұйымдастырған бұл шара Сәтбаев қаласының 40-жылдық мерейтойына арналды.

Кітапхана библиографы Зейнеп Арыстанова Абдолла Дастановтың еңбек жолына тоқталып, қаламгердің шығармашылық табыстарын, қала тарихын, басқа да өзекті мәселелерді газет бетінде көтеріп жүрген еңбегін атап өтті. Айта кету керек, Абдолла Дастановтың біреше өлеңдері республика көлемінде таралған. Қазақстанның алғашқы мысының 80 жылдығына орай жарық көрген «Жез мұхиттың желкені» атты жыр жинағына енген.

Кездесуде поэзияға талабы бар жастар ақын Абдолланың бірнеше өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Ақынның өзі де Қаныш Сәтбаевқа арнаған ой-толғауын т.б. өлеңдерін оқып, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді.

Абдолла Дастановпен кездесуге қаламыздың ақындары, өнер жанашырлары қатысты. Мұса Тілеуов, Жақсылық Омаров, Майра Жаппасбаева, Ғалел Жәнібеков, Мағзұм Қожахметов қаламдасы жайлы сыр шертіп, өлеңдерін арнады. Сәтбаев қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің басшысы Қанат Төлеш ақын ағасына деген жылы лебізін білдіріп, қаланың 40-жылдығына орай қаламыздың ақындарының өлеңдерін бір жинаққа топтастырып шығару жоспары бар екенін жеткізді.

Кездесуге қатысушылар осындай тұшымды да тәрбиелік мәні бар басқосуды ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді. Кітапхана меңгерушісі Жаңыл Шахманқызы қаламгерлерге деген құрмет көрсетуді осы мәдени ошақ ұжымы жалғастырып отыратынын айтты.

Қаламыздағы «Шындық» шығармашылық тобының мүшелері осы кітапханада ара-кідік бас қосып тұруға уәделесті.

Мәди Әлжаппаров.

Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.