«Мемлекеттік нышандар – мемлекет келбеті»

Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттау мен құрметтеу бойынша басқарма қызметкерлерімен осы тақырыпта отырыс өткізілді. Басқарма басшысы Б.Шәкенов төрағалық еткен отырыста операциялық топтың бас қазынашысы О.Шадринова баяндама жасады.

– Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін орналастыру мен пайдаланудың тәртібін еліміздің Ата Заңы атаулы Конституциялық заңы және тағы басқа да нормативтік-құқықтық актілерді айқындап белгілейді. Ту мемлекеттік органдардың барлығында, ғимараттың ең көрнекті жеріне тігілуі керек. Мәңгілік көк аспанның астында көк Туымыздың желбіреп тұрғаны тәулік бойы көрінуі тиіс. Басқа жағдайда ол ерекше бір салтанатты сәттерде, мемлекеттік маңызы бар мерекелерде көтеріледі. Өте қайғылы жағдайларға байланысты ұлттық аза тұту кездерінде ол тұғырының ортасына дейін төмен түсіріледі. Табиғат құбылыстарының әсерінен бояуы оңып, түсі өзгерген т.б. жағдайда бүлінген тулар дереу ауыстырылады.

Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың ғимараттарына Елтаңба орнату да жоғарыда аталған заңдар мен құжаттардың талаптарына сай орындалады. Елтаңба Ұлттық Банкінің банкноттарында, монеталарында, еліміздің мемлекеттік бағалы қағаздарында, азаматтардың төл құжаттары мен жеке куәліктерінде, туу туралы куәліктерде, білімін куәландыратын аттестаттар мен дипломдарда, мемлекеттік орган қызметкерлерінің куәліктерінде т.б. мемлекеттік ресми қағаздарда таңбаланатыны белгілі. Конституциялық заң аясында қамтылған жағдайлардың кез келгенінде ҚР Елтаңбасының бейнесін пайдалануға тыйым салынады және оған жол берілген жағдайда кінәлілер жауапқа тартылады.

Мемлекеттік Әнұран Қазақстан Республикасының Президенті ел басшысы қызметіне кіріскен кезде, ант беруі рәсімі үстінде орындалады. Бұдан кейін, мемлекеттік органдарда өтетін салтанатты жиындардың алдында, телерадиохабарларын таратуға ресми рұқсаты бар бұқаралық ақпарат құралдары өз бағдарламаларын бастар алдында және аяқтағаннан кейін, мемлекет басшысының шет елдерге ресми сапарлары барысында, ірі халықаралық спорт сайыстарының алдында, спортшыларымыз жеңіске жеткенде т.б. мемлекттік шаралар жағдайында шырқалады, – деп толық түсінік берді баяндамашы.

Отырыстың екінші жартысында баяндамашы басқарма қызметкерлерінің тақырыпқа байланысты қойылған сұрақтарына жауап берді.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.