Облыстық ақпараттық насихаттау тобы Сәтбаевта

Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауындағы, дағдарыстан дамуға жетудің жолдарын халыққа жеткізу мақсатында ақпараттық насихаттау топтары құрылып, кездесулер ұйымдастыруда. Сейсенбі күні облыстан келген насихатшылар қаламыздағы Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің ұстаздарымен кездесіп, жолдау бойынша атқарылып жатқан іс-шараларымен бөлісті. Қарағанды облыстық транспорт және автокөлік жолдары басқармасының ұйымдастыру құқықтық бөлімінің бастығы Қ.Қасымова, облыстық жолаушылар транспорты және автокөлік жолдары басқармасының бастығы Д.Байтөлешов Қарағанды облысы бойынша дағдарысқа қарсы күресу, жұмыссыздықтың алдын-алуда өткізіп жатқан жұмыстары жайында айтып берді. Елбасының көрегендігімен бастау алған «Жол картасымен» жүре отырып, жұмыссыздықты болдырмау мақсатында мамандарды қайта даярлау, нысандар ашу арқылы жұмыспен қамту сияқты бірнеше бағыттарын да көрсетті. Өз сөзінде Қызғалдақ Әбдікәрімқызы «Біздің мақсатымыз Елбасының құрған «Жол картасы» арқылы жұмыссыз азаматтарды уақытша болса да жұмыспен қамту. Биыл Республикалық қаражаттан Қарағанды облысына 12 млрд. теңге бөлінген болатын. Сол қаражат Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес жұмсалып, оның ішінде жаңа нысандар, жол тораптарын қайта жөндеуден өткізу арқылы мамандар даярлап, азаматтар жұмыспен қамтамасыз етілді. Ал, өздеріңіздің кеншілер қаласына тоқталар болсақ, биыл екі үлкен жоба қарастырылды. Біріншісі Сәтбаев-Малшыбай жолы. Қазіргі уақытта бұл жолдың 14 шақырымы орта жөндеуден өтуде. Екінші жоба Ұлытау-Жезді-Қоскөл-Байқоныр-Қарсақбай жол тораптары. Бұған бас-аяғы 85 адам жұмысқа қабылданып, оның 68-і жұмаспен қамту орталығынан шақырдық» – дей келе Елбасының алға қойған жоспарын талқылады. Облыстық қонақтардың соңынан сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ж.Аймторин қала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде мағлұматтар берді. Кездесу соңында ұстаздар қауымы атынан сөз алған мектеп-лицейдің оқу-тәрбиешісінің меңгерушісі Ұ.Қозыбаева қонақтарға алғысын білдірді. Г.Әжібаева.

Комментарии закрыты.