Елбасы берген бағасын

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2004 жылы өмірге келіп, бүгінде елімізге кеңінен танылып үлгерген, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі М.А.Құлмұхамедтің сөзімен айтқанда «Қазақстан тарихындағы теңдессіз жемісті гуманитарлық акцияға айналған «Мәдени мұра» стратегиялық бағдарламасының» іске асырылып жатқанына, міне, 10 жылдың көлемі болып қалды.

«Мәдени мұра» бағдарламасы – тәуелсіз ел тарихында ерекше орын алатын әлеуметтік жоба, ғылым және мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың жарқын бір көрінісі. Осы бағдарлама аясында көптеген істер атқарылды. Қаншама құнды кітаптар жарық көріп, кітапхана қорын толықтыруда. Бірқатар гуманитарлық ғылым салаларынан (археология, тарих, фольклористика, мәдениеттану, әлеуметтану, педагогика т.б.) небір кітаптар, сөздіктер, анықтама, энциклопедиялар, томдықтар шықты.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кезекті құнды дүниелер «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» мен «Қазақтың батырлық жырлары» антологиялары (жинақ) жарық көрді, айта кететін нәрсе – антология дискілермен қоса шыққан.

Үш антология да Президентіміздің алғысөзімен басталған. Мысалы «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясы «Ән – халықтың ажары» атауымен басталып, былай жалғасады:

«Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі ән өнерінің алар орны ерекше. Данышпан Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Шындығында, сәби дүниеге келгенде «бесік жырымен» әлдилеп, қарсы алып, ол дүниеден өткенде «жоқтау» айтып, шығарып саламыз. Бүгінгі күн жастарының тойы да «жар-жар», «беташармен» өтетіні ата-баба салтына адалдықтың айқын көрінісі іспеттес. Орыстың тамаша ғалымы Г.Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген сөзі қазақ тұрмысының осындай даралығынан туған тұжырым болса керек.

Ұлтымыздың аса бай ән өнерін дамытуға Абай бастаған, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Нартай, Кенен сияқты халық композиторлары өлшеусіз үлес қосып, оны сапалық жаңа биікке көтерді.

Жобада Арқа, Жетісу, Маңғыстау, Сыр өңірі, Батыс Қазақстанның дәстүрлі ән мектептерімен қатар, Қытай мен Монғолияда тұратын қандастар шығармашылығының көрініс тапқаны антологияда халқымыздың дәстүрлі ән өнерінің мейлінше мол қамтылғанының белгісі деп білемін.

Осы тұрғыдан келгенде, қазақтың ғұрыптық өлең-жырларынан бастап, әйгілі халық композиторлары шығармаларын тұтас қамтыған «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» бірегей жобасы ұлттық музыка мәдениеті тарихындағы айтулы оқиға деп бағалаймын. Жинаққа енген дәстүрлі әндерін К.Байсейітова, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Жандарбеков, Е.Өмірзақов, М.Ержанов, Е.Серкебаев, Р.Бағланова, Б.Төлегенова сияқты саңлақ әншілерімізден бастап, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, Б.Тілеухан, Р.Стамғазиев және А.Қосанова сияқты кейінгі буын топжарғандарының нақышына келтіре орындауы жобаның құнын да, маңызын да арттыра түсетіні анық.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, менің де көңіл-күйдің ауанына қарай кейбір сәттерде «домбыраға қол соғып», ән айтатын, кейде көкейге келген келісті ойды көркем сөзбен қағазға түсіретін кездерім бар.

«Ел іші – өнер кеніші» дейді дана халқымыз. Әрине, қазақтың дәстүрлі әндері мың әнмен шектелмесі анық. Ендеше, жаңа жоба алдағы уақытта тың туындылармен толысып, бүгінгі ұрпақты халқымыздың баға жеткісіз мол музыкалық мұрасымен сусындата береді деп сенемін», – деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақтың батырлық жырларын да Елбасымыз жоғары бағалаған:

«Жобада Алпамыс батыр бастаған ел қорғаған елу таңдаулы батыр туралы жырлардың қамтылып, оларды еліміздің ең танымал жыршыларының орындауы оның қадір-қасиеті мен көркемдік қуатын арттырып тұрғаны анық. «Мәдени мұра» және «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жарық көріп отырған «Қазақтың батырлық жырлары» жобасы «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жобаларының заңды жалғасы ретінде ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойы қарсаңында ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын түгендеуге қосылған лайықты үлес әрі болашақта жаңа жырлармен толыға түсетін бірегей жоба деп білемін».

Бұл антологиялар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген. Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапхана қорына аталмыш жинақтар түсті, осы құнды дүниелерді ән-күй, жыр сүйер қауымға, жалпы өнерді бағалайтын тұтынушыларымызға жарнамалап отырмыз. Келіңіздер, көріңіздер, пайдаланыңыздар!

З.Арыстанова, библиограф.

Комментарии закрыты.