Кітапханадағы кездесу

Мұсылман қауымы үшін жылдың ең керемет әрі ерекше айы – Рамазан айы. Биылғы жылы Рамазан айы шілденің 9-нан бастау алады. Бұл ай мұсылмандарды жан-жақты ұлылыққа, Аллаға деген сенімімізді күшейтуге, сондай-ақ шариғат қағидасын жөнімен түсінуімізге шақырады. Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю үшін осы Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Себебі, жөн-жосығымен ауыз бекіткен кісі өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрады.

Міне, осы қасиетті ай қарсаңында қаламыздағы мешіттердің бас имамдары мен найб имамдары рухани орындардың бірі – кітапханаларда болып, Рамазан айының құндылықтарын, оның қадір-қасиетін, осы айдың мол берекесін халыққа уағыздап жеткізу мақсатында оқырмандармен кездесулер өткізді. Мұндай кездесулер әуелі балалар кітапханасында, одан кейін орталықтандырылған кітапханалар желісінде, үшінші күні Весовая елді мекеніндегі отбасылық үлгідегі кітапханада өтті. Онда Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешіттің найб имамы Сембіғали Нұрғалиев пен Сәдуақас Ошақұлы атындағы мешіттің имамы Хамит Мырзагелдиев жұртшылыққа Рамазан айы туралы уағыздар айтып, елдің көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

– Исламның бес парызының бірі – ораза тұту. Сондықтан да дінімізде оған ерекше мән беріледі. Себебі, ол сенімнің бір бөлігін құрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам – сенімнің жартысы» – деген. Оразаны басқа ешқандай қағидалармен салыстыруға болмайды. Өйткені, Алла Тағала Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Адамның барлық жақсы, қайырымды істерін Алла он есе, тіпті одан да жоғары бағалайды. Бірақ, ораза не үшін тұтылған болса, сол үшін сый көрсетемін» – деп айтқан жоқ па еді. Сондықтан ораза қарсаңында алғаш ауыз бекіткісі келетін бауырларымызға тағы да Алла Тағаланың осы бір үкімін естеріне сала кеткіміз келеді, – деді имамдар жиында жұртшылыққа.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.