Аз да болса үлесім бар…

09-2-1Еңбекке ерте араластым. 1957 жылы токарьдің көмекшісі болып жұмысқа кіргеннен, 37 жыл бойы үзбей еңбек еттім. Оның дені Батыс Жезқазған кенішінің №31 және №55 шахталарында өтті. Менің серігім Өмірбектің әкелері, ағалары кешегі 30 – 40-шы жылдарда Жезқазған шахталарында кен қопарып, өздерінің адал еңбек етулерінің арқасында еліне сыйлы болып, «кенші қырғыздар» әулеті атанған.

Мен олар секілді шахта астына түскен жоқпын. Кен көтеру машинасының машинисі болдым. Құдайға шүкір, жұмыста абыройсыз болған жоқпын. Партия қатарына өттім. «Үздік еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталдым.

Менің өмірімнің есте қаларлық шуақты сәттерінің бірі – 1981 жылы КПСС ХХYІ съезіне делегат болып қатысуым.

Біз, Жезқазған облысынан барған сегіз делегат, «Жұлдызды қалашықта» болдық. Ғарыш айлағына сапарынан кейін Жезқазғанға келіп қонған, біздің жердің дәмін-суын татқан космонавтар бізді ерекше бір құрметпен, алыстан туысқандары келгендей қарсы алды. Герман Титов, Владимир Шаталов, Андриан Николаев, Петр Климук, Валентина Терешкова – Жезқазған қаласының Құрметті азаматтары.

Ол кезде қаламыз жас. Бәлендей көп мәдени ошақтар да жоқ болатын. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Гаврилович Шустов мен съезге кетерде кездесіп:

– Зейнеп, сен қала коммунистерінің атынан бара жатырсың. Ертең Мәскеуге барғанда делегаттарды ССРО Түсті металлургия Министрі П.Ломако қабылдайды. Сендер сегізінші март қарсаңында бара жатырсыңдар, сондықтан әйелдерге көбірек көңіл бөледі. Министр бәріңнен «қандай өтініштерің бар?» деп сұрайды. Сонда сен мүмкіндікті пайдаланып, қалаға монша, балалар бақшасы қажет екенін жеткіз, – деді. Сонымен, Николай Гаврилович айтқандай болды. Менің айтқандарымды Министр түсіністікпен қабылдады. Қазақ ССР Түсті металлургия Министрі С.Тәкежановқа, Жезқазған Кен-металлургия комбинатының басшылығына тапсырамын, деді. Кейін Сәтбаев қаласында моншаның іргетасы қаланды, балабақша салынды. Сөйтіп, қаламыздың көркеюіне мен де осылайша үлес қосқан едім. Мен Елбасымызды сонау Теміртау қаласында комсомолда қызмет істеп жүрген кезінен білемін. Сол кезде менің отбасыма байланысты бір түйінді шаруаны шешуге үлкен көмек көрсеткені әлі есімде. ХХYІ съезд жүріп жатқан кезде Нұрекең Қазақстан Компартиясының секретары болатын. Съездер Сарайының мәжіліс залына рұқсат қағазымен кіргізетін. Кезекте тұрғанбыз. Алдымда тұрған кісілердің бірінің қолындағы қағазынан «Нұрсұлтан Назарбаев» деген жазуды көріп қалып, қасына жеткенше асықтым. Баяғы Теміртауда көргеннен бері арада біршама жылдар өтіп кеткеніне қарамастан мені бірден таныды. Белгіленген орнымызға жеткенше жағдайымды, үй-жайымды сұрап, өзінің Сара Алпысқызымен бірге келгенін айтып, қонақүйдегі адресін беріп, ескі достардай қауқылдастық та қалдық.

Мен осындай абзал адамдармен таныс болғанымды, жүзбе-жүз кездесіп, әңгімелескенімді мақтан тұтамын, бүгінде немерелеріме сол кездесулер жайлы әңгімелеп отырамын. Менің өмірім оларға өнеге боларлықтай жол екені даусыз деп ойлаймын.

­З.Әбілбекова, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ақын.

Комментарии закрыты.