Үш күн бойы талқыланған ұсыныс

08-11994 жылдың 4, 5, 6 шілдесі күндері Астананы оңтүстік өңірден солтүстікке көшіру жайындағы ұсыныс сол кездегі алғашқы кәсіптік парламентте қызу талқыланғанын екінің бірі біле бермесі анық. Пікір екіге бөлініп, үш күн бойына тартысты әңгіме өрбіген. Соңында астананы Ақмолаға көшіруді қолдаған топтың ұсынысы дәлелденіп, заң қабылданып, оған Елбасы қол қойды.

Шешімнің кезінде бұлай айтыс-тартыспен қабылданатын да жөні бар еді. Ол кезде еліміздегі экономикалық жағдай да ауырлау болатын. Ауыл шаруашылығы құлдырап, ұжымшарлар тарап жатты. Одақтан бөлініп шыққан тәуелсіз елдерді қалыптастыру, оны дамыту міндеті тұрды. Осындай алмағайып кезеңде астананы көшіру мәселесі туындады. Себебі, егемен ел болдық. Жан-жақпен қарым-қатынастар күшейе түсті.

Елге шетелдерден келушілер көбейді. Көптеген елдердің елшіліктері, министрліктер, парламент, департамент, басқармалар құрылып жатты. Оның бәріне өзі бұрыннан тұрғындары көп Алматы тарлық етті. Астананы Ақмолаға көшіру ұсынысы туындағанда пікір екіге бөлінді.

Депутаттардың бір тобы экономиканың қиын шағында жаңа қала қалыптастыру оңай емес екендігін алға тартты. Астананы жасақтауға көптеген қаражат керек еді. Бұған жұмсалған қаржыны ауылшаруашылығына салып, экономиканы көтеруді ұсынды. Оларды да түсінуге болады. Әрқайсысының арқалаған аманаттары бар ғой.

Ал екінші тобы тың ұсынысты қолдады. Алматының тығыздығы әрі географиялық орналасуы ескерілді. Ғылыми-зерттеу институттарының мамандары да бұл қаланың жер сілкінісіне бейім екендігін мәлім етті. Сол жылдары жан-жақта – Ташкентте, Зайсанда жер дүмпулері жиі болып жатты. Сол кездегі депутаттық құрамда саясаткер Марат Оспанов, академиктер Мырзатай Жолдасбеков, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов секілді беделді азаматтар болды.

Бірақ, күдіктің де болғаны жасырын емес. Қиын болатынын сезді. Дегенмен, тәуекел басым еді. Сонымен, бұл заң 1994 жылы 6 шілдеде қабылданды. Елбасының қолдауымен, астана жайлап, белгіленген кестемен Астанаға көшті, үш-төрт жылдың ішінде орнығып болды. Елбасының сарабдал саясатының арқасында әсем қаламыз Астана қалыптасты.

Қазір әлем елдерімен тереземіз теңесті. Көркейген елге айналдық. Ұрпағымыз мақтан тұтатын қала орнықты. Жыл сайын Астана күнін мерекелеп келеміз. Бұл барлық қазақтың Астанасы, барлық қазақстандықтардың мерекесі.

 

Комментарии закрыты.